Хабар телеарнасы

Алматыдағы ЖЭО-2: газға көшіру жұмысы 2026 жылы аяқталады

Алматыдағы екінші жылу электр орталығын толық газға көшіру жұмысы 2026 жылы аяқталады. Бұл туралы қала халқымен кездесуде Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев хабарлады. Жоба ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды жылына 37,3-тен 2,7 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жоба бойынша бірінші және екінші кезеңдегі барлау жұмыстары аяқталды. Ыстық су қазандығы ғимараттарының астына қадалар орнатылуда. Жылу электр орталықтарын газдандыру Алматы қаласы мен жақын аудандардың энергетикалық қуатын айтарлықтай арттырып, қоршаған ортаның ластануын азайтады. Болашақта өңірде сағатына 2 млн текше метр көгілдір отын пайдаланылады деген болжам бар. Сол себепті министр қосымша газ инфрақұрылымын салу қажеттігін айтты.