Хабар телеарнасы

Қарағанды облысында жаңадан төселген асфальт ойылып қалды

Қарағанды облысының Шет ауданындағы «Сәкен Сейфуллин – Өспен – Ағадыр» жолына өткен жылы асфальт төселе басталған еді. Жарты ғасыр бойы жол азабын тартқан халықтың қуанышы көпке созылмады. Жыл өтпей жатып жаңа асфальт ойылып қалды. Енді оны мердігер қайта жөндеп бере ме?

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Еркіндік, Өспен ауылдарына апаратын мына жол грейдер болған еді. Өткен жылы мұнда алғаш рет асфальт төселген болатын. Алайда жыл өтпей ой-шұңқыры шығып жатыр. Жұртшылық сапасыз жұмысқа наразылығын білдіруде.

Сәкен Сейфуллин атындағы кентті Ағадыр ауылымен жалғайтын мына жолға жарты ғасырдан соң асфальт төселді. Жалпы ұзындығы – 87 шақырым. Соның Еркіндік, Өспен ауылдарының үстімен өтетін 30 шақырымы жыл өтпей жатып ойылып жатыр.

Блиц-сауалнама:

- Бір жыл болған жоқ әлі. Біз осында анда-санда келеміз ғой, сонда көретініміз осы. Келіп кеткеніме бір ай болған жоқ. Міне, осындай болып жатыр.

- Жөндеу керек, биыл қыстан шықпайды мына жол. Таза бытшыт болады. Большегруздар жүргізеді ылғи. Ол езіп кетеді. Өздері де асфальт тасыды осы жолмен.

Ағадыр кентіне дейінгі 87 шақырым жолды асфальттауға 2 млрд теңге  қаражат бөлінген. Бюдждеттің әр тиынына сұрау бар. Мердігер ойылған жолды кепілдік мерзімі аясында қайта жөндеуге міндеттелген. Ол үшін қаражатты өз қалтасынан шығарады.

Мұхит Мұхтаров, Шет ауданының әкімі:

- Бұл жол әрине, кепілдік мерзімі бар Жарық пен Өспеннің аралығы . Оның кепілдік мерзімі бар. Екінші рет қайта қаралып отыр. Біз қазір сол дұрыс сапалы істелмеген жерін анықтап, мердігерлік компанияға талап қойылып отыр. Бірақ жұмысы әлі де көңілімізден шығып отырған жоқ. Ол жөнінде мердігерге, тапсырыс берушіге ескертіп айттық.

Облыстық маңызға ие бұл жолдың бойындағы 2 кент пен бірнеше ауылда 15 мыңнан астам халық тұрады. Аудан мен Қарағандыға  апаратын негізгі төте жол осы. Сондықтан күн сайын жүздеген көлік жүйткиді. Асфальт қайта жамалғанымен, әу баста сапасыз салынғандықтан, көктемде түгі қалмайды, - деп жұртшылық алаңдап отыр.

Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар