Жамбыл облысы қант қызылшасын рекордтық көлемде жинап жатыр
Биыл Жамбыл облысының диқандары қант қызылшасын рекордтық көлемде жинап жатыр. Жылда гектарына 350 центнерден дақыл жинайтын шаруалардың алды қазір 900 центнерге дейін өнім алуда. Алайда жиналған қызылшаны өңірдегі қант зауыты толықтай өңдей алмайды. Себебі қуаттылығы аз. Мәселе қалай шешілмек?
Биыл ауа райы қызылша еккен жамбылдық шаруалар үшін қолайлы болды. Жауын-шашын мол болғандықтан, тәтті түбір де бітік шықты. Алайда алқап басындағы диқандар өнімін өткізе алмай қаламыз ба деп алаңдаулы. Себебі биыл аймақта қант қызылшасы 11 мың 200 гектарга егілген. Түсімі 600 мың тоннадан аспақ. Ал облыстағы қызылша қабылдайтын жалғыз Меркі қант зауытының қуаттылығы 450 мың тоннадан аспайды.
Ерболат Саурықов, шаруа:
- Біздің қазір ауданға 400 тонна лимит берді. Ауданда 1 500 га егілген. Оны 400 тонналап күніне зауыт қабылдаймыз дейді. Қалай ол бітетіні ол жаңа жыл, қаңтар айына дейін кетіп қалайын деп тұр. Ал өткізу зауытқа сыймайды деген мәселе көктемде көтерілген еді.
Өнімнің мол болуына байланысты облыстағы қант зауыты жұмысын бір ай ерте бастады. Кәсіпорын басшысы биыл бар қуаттылықта тәулік бойы жұмыс істейміз, - деп отыр. Ол үшін мемлекеттен 10 млрд теңгеге жуық жеңілдетілген несие алып, қондырғыларын жаңартқан.
Нұржан Қарғабаев, қант зауытының бас директоры:
- Қуаттылығы тәулігіне 2 мың тонна, былтырғы көлем сол болды. Енді мына автоматтылық қосылып, кішкене көбейтейік деп жатырмыз.
Сондай-ақ жауапты басқарма мамандары Талдықорған қаласындағы Ақсу қант зауытымен келісімге отырған. Артылатын 150 мың тонна тәтті түбірді сонда өңдемек. Ол үшін тасымалдаушы компаниямен де келісімге келген. Басқарма Ақсу қант зауытына өткізілетін өнімнің әр келісі үшін шаруаларға 45 теңге төлейді. Қызылшасын Меркі қант зауытына өткізетіндер үшін де мемлекеттен қолдау бар.
Әбдірасыл Желеубаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Әр өткізілген әр килограмға 25 теңгеден мемлекет тарапынан төлеп береміз. Зауыт қабылдаған әр килограм қант қызылшасын өніміне 15 теңге төлейді. Одан бөлек 100 киломертден асқан шаруаларға 3 теңге әр килограға тасымалдау шығынын өтейді.
Қант қызылшасы екі зауыттан артылып қалған жағдайда Қырғызстандағы қайта өңдеу зауытттарына тасымалданбақ. Нәтижесінде шаруалар дақылы далада қалмайды, - дейді мамандар.
Мерей Бает, Елдар Байділдә