Ақтөбе облысында тасқынға қарсы ондаған жоба қолға алынды
Ақтөбе қаласының айналасындағы тұрғындар алабын еріген қар суынан қорғау үшін қосымша арналар қазылып, бөгеттер бекітіліп жатыр. Жергілікті биліктің жоспарына сәйкес қарғын су елді мекендерді айналып өтуі тиіс. Өңірде көктемгі тасқынға тосқауыл болатын ондаған жоба қолға алынған.
Нұржан Ағысов облыс орталығының іргесіндегі Қанағат тұрғын алабына бес жыл бұрын қоныс аударған. Алайда үйінің судың табиғи арнасында орналасқанын былтыр қалың қар ерігенде ғана байқаған. Сондықтан «ауылды айнала қазылған канал - төтенше жағдайдың алдын алуға сеп болады», - деп қуанып отыр.
Нұржан Ағысов, елді мекен тұрғыны:
- Мына біз қазір ойда тұрмыз. Мына қырдан су келеді. Тікелей мына Жіңішкеге ағып кетеді деп ойлаймын енді. Былтыр кетті көптеген үйлер, бірақ енді уақытында жаңағы төтенше жағдай ғой енді, уақытында техника келіп, эксковатормен қазып судың барлығын ағызып жіберді.
Құршасай мен Қанағат тұрғын алабының ту сыртынан қазылып жатқан арнаның ұзындығы 4 шақырымға жуық. Иен даладан еңістікке ағатын суды иіріп, Жіңішке өзеніне бағыттауы тиіс. Ауыл тұрғындары үшін бірнеше жерден өткел салынады.
Алмас Жақсылықұлы, Астана ауданының әкімі:
- Ол жерде айтқандай, жаңа тұрғын үйлер бар және жаңадан салынған мектеп бар. Үлкен қауіп болатын. Қазіргі таңда осы каналдың ойлаймыз осы 15-20 күннің шамасында жұмыстар толыққанды аяқталады деп.
Биыл облыс орталығында мұндай 5 ірі жоба қолға алынды. Мәселен, көктемде әуежай аумағын су басып, 11-ші және 12-ші шағын аудан тұрғындарын әбден әбігерге салған еді. Сол су арнасы кеңейтіліп, Сазды өзеніне қосылар тұсы бекітілді. Мағаджан тұрғындар алабы мен «Оңтүстік-Батыс 2» ауданында да суағарлар орнатылды.
Бекзат Тұрғалиев, азаматтық қорғаныс және ТЖБ бастығы:
- Қазіргі таңда Авиатор тұрғындар алабында, 11-ші шағын ауданында, сүт зауыты ауданында жаңа жоба суағарлар салынып басталуда. Олар жаңағы Авиатор ауданындағы суағар ол Сазды өзеніне бағытталатын болады. Ал сут зауытындағы суағар ол Тамды өзеніне бағытталатын болады.
Көктемде Ақтөбе қаласының Астана ауданында 50, Алматы ауданында 3544 үйді су басқан болатын. 200 саяжай тұруға жарамсыз боп қалды. Негізгі қауіп Елек пен Қарғалы өзенінен. Сондықтан жергілікті билік олардың жағасын бекітіп, биік бөгет салуды да қолға алған.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов