2030 жылы елімізде сұйытылған газ тапшылығы жойылады
Сұйытылған мұнай газын тауарлық биржаға шығару мерзімі 2030 жылға дейін тоқтатылсын. Мәжіліс депутаттары осындай мәселе көтерді. Бұл аталмыш тауардың ішкі нарықтағы тапшылығын болдырмау және бағаны бақылауда ұстау үшін қажет. Ал қазір биржаға шығарса, бағаны нарық реттейді. Мұндай саясат кейде оның тым қымбаттап кетуіне алып келетіні бар. Мәжілісмендердің алаңдауы да сондықтан.
Жауапты министрлік өкілдері ұсынысты қолдайтынын жеткізді. Әрі алдағы 6 жылда газ тапшылығы жойылатынын мәлімдеді. Бұл бойынша нақты жоспар мен болжам келесідей.
Әлібек Жамауов, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Екі кен орнында сұйытылған мұнай газ өндірісі іске қосылады деп жоспарланып отыр. Атап айтсақ, Қашағаннан жылына 800 мың тонна, ал Қарашығанақтан шамамен 600-700 мың тонна сұйытылған газ өндіріледі. Осылайша 2030 жылы сұйытылған газ тапшылығын жоямыз деп ойлаймын.