Талдықорған-Қалбатау-Өскемен күрежолы ақылы болады
Ұзындығы 768 шақырым болатын Талдықорған-Қалбатау-Өскемен күрежолы ақылы болады. Мұны Көлік министрлігі мәлімдеді. Бүгінде жолдың 750 шақырымына жаңа асфальт төселген. Құрылысы 2019 жылы басталған жоба жыл соңына дейін толық аяқталады. Жол активтері сапасының ұлттық орталығы күрежолдың сапасын тексеріп, сын көтермейтін тұстарын анықтаған.
Талдықорған-Қалбатау-Өскемен күрежолының аяқталуын жүргізушілер асыға тосып жүр. Құрылыс басталғалы бері Жол активтері сапасының ұлттық орталығы 429 рет инспекциялық тексеріске шығып, 1640 рет сынама алыпты. Орталық өкілдерінің айтуынша, жолдың 10% талапқа сай болмай шыққан. Ескертулерден кейін мердігер компания кем-кетікті түзеткен. Тексеру кезінде жолдың тегістігі, дөңгелектің асфальтпен ілінісу көрсеткіші, көлік ағыны сарапталады. Ал асфальттың сапасы зертханада сыналады.
Болатбек Айтбаев, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК БАС директоры:
-Қазір цифрландыру жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде өзіңіз көргендей штрих-кодирования дейміз. Ол мынау алынған сынамалар міндетті түрде ешкім білмейтіндей қылып, штрих-код пайдаланылады. Сол штрих-код арқылы тек сынама, зерттеулер өтіп болғаннан кейін ғана қай жерден алынғаны, қай мердігерден алынғаны анықталады.
Республикалық жолдың Жетісу облысындағы 313 шақырымы 160 млрд теңгеге салынған. Оның 85%-ын Қытай банкі қаржыландырған. Қажетті инфрақұрылым салынды. Ал Үшарал-Достық арасындағы 184 километрге 70 млрд теңге бөлініпті. Қазір абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Ырғайты өзеніндегі қауіпті көпірдің орнына жаңасы салынды.
Біз қазір Үшарал-Достық күре жолының 181 шақырымында тұрмыз. Екінші дәрежелі, екіжолақты жолдың әр шақырымы орташа есеппен 380 миллион теңге екен. Нақтырақ айтсақ, төсеменің жалпы қалыңдығы 37 см, төменгі қабаты 20 см қиыршық тасты, цементті қоспадан тұрады. Ал үстіңгі қабатына 17 см асфальт төселген.
Қазір Республика бойынша 12 мың шақырым жолда реконструкция және жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның 7800 километрі республикалық желіге, қалған 4200 шақырымы жергілікті желіге жатады. Осы жұмыстар үшін республикалық бюджеттен шамамен 500 млрд теңге бөлінген. Бірінші кезекте ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмеген жолдар жаңартылуда.
Нұртілек Хасенов, ҚР Көлік министрлігі автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы:
-Бұл жолдан бөлек Республикада 17 ірі жоба жүзеге асып жатыр. Оның ішінде Мемлекет басшысының да берген тапсырмасында Талдықорған-Өскеменнен бөлек Қарағанды мен Алматының арасын биыл аяқтауымыз керек. Ақтөбе мен Қандыағаштың арасын, Атырау мен Астраханның арасын, Шамалған станциясының айналма жолы сияқты Меркі Бурылбайтал сияқты бірнеше жобаларды жүзеге асырып жатырмыз.
Елімізде 95 мың шақырым жол бар. Оның 70 мыңы жергілікті желіге жатса, 25 мың шақырым жол республикалық желіге жатады. Жол активтері сапасының ұлттық орталығының мәліметінше алдағы уақытта облыстық және аудандық жолдарға көңіл бөлінеді.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев