Шымкентте қоғамдық көлік жүргізушілері әулеті тұрады
Осы Шымкентте еңбек өтілі ғасырға жуықтаған қоғамдық көлік жүргізушілері әулеті тұрады. Ата жолын әке мен ұлдары жалғаған. Қазір автопарк қызметкерлері зейнет жасына жеткен жүргізушінің мол тәжірибесін өзгелерге үлгі етеді.
Талғат Оразбаев қоғамдық көлікті 30 жылдан бері басқарып келеді. Әр таңда медициналық бақылаудан өтіп, көліктің техникалық тексерісін қадағалайды. Жұмыс формасының тазалығына да мән беріп, жолаушылар тасымалына асқан жауапкершілікпен қарайды.
Талғат Оразбаев алғашында ауыл шаруашылық техникаларын жөндеуге әуес болған. Кейін қалаға қоныстанған соң, автопаркке орналасқан. Қазір 35 бағыттың кестесінен кешікпей, жолаушылардың үдесінен шығып келеді.
Талғат Оразбаев, автобус жүргізушісі:
-Көңіл бөліп тұрады. Жылына еңбек демалысына шығарады. Айлығымыз уақытылы. Көпшілікке жағамыз деп жүрміз. 30 жылдан асып бара жатыр. Осы саладан енді зейнеткерлікке шығамыз деп отырмыз.
Тәжірибелі еңбек адамының ұлдары да жүргізуші мамандығын таңдап, әке жолын қуған. Үлкен баласы Айдар Астана қаласында, ал екінші ұлы Жандар Шымкент қаласында автобус жүргізеді. Осылайша әулеттің жалпы еңбек өтілі ғасырға ұласты.
Жандар Жүнсалиев, автобус жүргізушісі:
- Қазір енді барлығы автоматты түрде болып қалған. Камера бар, 360 градус барлығын көріп отырамыз. Жолаушының түскен, мінгенін көріп отырамыз. Бала-шағамыз өсіп жатса, осы жұмыс өзіне ұнап жатса қарсы емеспін.
Автопаркте 296 жүргізуші жұмыс істейді. Олар 23 бағыт бойынша мыңдаған жолаушыны күнделікті тасымалдайды. Мекеме басшылығы сенім үдесінен шыққан Оразбаевтар әулетін көпке үлгі етіп отыр.
Әбдібек Үкібаев, жолаушылар тасымалы компаниясы директорының орынбасары:
-Біздің мекемеде Оразбаев Талғат мырза өзінің ұлдарымен жан-жақты жауапкершілігімен көзге түскен үлгілі жүргізуші болып саналады. Қазіргі таңға дейін жол ережесін бұзу мен апатты жағдайға түсу тіркелмеген.
Автобус жүргізушілеріне қойылатын талап жоғары. Олар күнделікті қарбарас пен кептеліске қарамастан, халыққа сапалы қызмет көрсетуді көздейді. Ал білікті маман қашан да құрметке лайық.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов