Елордаға Ресей президенті келді
Елордаға мемлекеттік сапармен келген Владимир Путинді әуежайдан Қасым-Жомарт Тоқаев күтіп алды. Мәртебелі қонақтың келуіне орай әуежайда Құрмет қарауылы сап түзеп, Қазақстан мен Ресей халықтарының шынайы достығының белгісі ретінде балалар екі елдің жалауын желбіретіп, қошемет көрсетті. Сонымен қатар кәсіби суретші Әсел Сабыржанқызы, Владимир Путин Астанаға ұшқан сәтте сала бастаған картинасын таныстырды. Ол сондай-ақ мемлекеттер басшыларына полотноны жазуға үлес қосуды ұсынды. Картина Ресей президентіне сапар соңында сыйға тартылады. Владимир Путинді «Ақорда» резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Президенттер бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырған соң, әдеттегідей екі елдің әнұрандары орындалды.