Хабар телеарнасы

Ақтөбе облысында айналма жол қолданысқа берілді

Ақтөбе мен Атырау арасындағы күрежолды жаңарту жұмыстары 3 жыл бұрын басталған. Ел тәуелсіздік алғалы жөндеу көрмеген бағыттың Қандағаш қаласына дейінгі бөлігі төрт жолақты, яғни бірінші санатты. Аудан орталығы тұсынан екінші санатты айналма жол басталады. Ұзындығы 16 шақырым жол бойында бір көлік айрығы мен 7 өткел бар.

Сейдахмет  Құшабаев, мердігер компания өкілі:

- Құрылыс жұмыстары қарқынды жүрген уақытта 350-360 адам еңбек етті. 200-ден астам арнайы техника жұмылдырылды. Мұнда 3 қабат асфальт төселді. Қалыңдығы 65 см.

Бұл халықаралық дәліз – Қазақстан Республикасы мен Ресей федерациясын байланыстыратын маңызды бағыттардың бірі. Тәулігіне 8 мыңнан астам көлік қатынайды. Сондықтан Қандыағаш қаласының логистикалық жүйесіне айтарлықтай жүк болатын. Шағын шаһар іргесінен салыған айналма транзиттік автомобильдер үшін де тиімді.

Айбол Данағұл, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ОФ директоры:

- Жоба «Азия даму банкінің» қаржылай қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Келісім шартқа сәйкес кепілдік мерзімі 2 жыл. Бірақ тәжірибеге сүйене отырып, мұндай жолдардың 10-15 жылға дейін қызмет ететіндігін сенімді түрде айта аламыз.

Қазір екі облысты байланыстырған жолдың негізгі табанын төсеу жұмыстары толықтай аяқталған. Асфальттің жоғарғы қабаты салынып жатыр. Мердігерлер көлік дәлізі бойын абаттандыру және электр жарығын жүргізуге де кіріскен. Жалпы «Ақтөбе – Атырау» дәлізі жыл соңына дейін қолданысқа беріледі.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов