Хабар телеарнасы

Қонаевта балабақша қызметкерлері жалақыларын ала алмай жүр

Қонаев қаласындағы жекеменшік балабақша қызметкерлері екі айдан бері жалақысын ала алмай жүр. Аталған мектепке дейінгі білім беру мекемесінде құжат жүзінде 100-ден астам бала тіркелгенімен, іс жүзінде онда 60 бала барған. Заңсыздықтар анықталған соң балабақша жабылды. Ал ата-аналар әлі күнге дейін балаларының құжаттарын ала алмай, дал болып жүр.

Қонаев қаласындағы жеке балабақшада қызмет етіп, жұмыссыз қалғандардың бірі Гүлім Ботабаева. Айтуынша, мектепке дейінгі білім беру мекемесінің басшысы оны жұмыстан шығарып жіберген.

Гүлім Ботабаева, жекеменшік балабақшаның қызметкері:

- Мен бұл садикте 2018 жылдан бері жұмыс жасаймын. Оның ішінде медбике де болдым, аспаз да болдым. Тәрбиешінің көмекшісі де болдым. Қазіргі таңда екі ай жалақымызды ала алмай жүрміз. Қыркүйектің басында жұмысқа орналасайын десем, мені базадан шығармаған. Соның кесірінен мен жұмысқа тұра алмадым.

Осындай шағымдарын алға тартқан тәрбиешілер жеке балабақшаға барып, директор мен меңгерушіні орнынан таба алмады. Ұялы телефондарына қоңырау шалып еді, ешкім жауап бермеді.

Қонаев қалалық білім бөлімі мен прокуратура қызметкерлері осы оқиға қатысты тексеріс жүргізіп, бірнеше заңсыздықты анықтады. 20 тамыздан бастап балабақша жабылды. 60 ата-ана аталған жеке балабақшадан балаларының құжаттарын ала алмай, дал болып жүр. 

Виктория Зырянова, қала тұрғыны:

- Менің балам «БЭБИСИТИ 1» балабақшасына баратын. Жабылып қалғалы бері құжаттарын ала алмай жүрмін. Басқа балабақшаға орналастыру үшін медециналық кітапшасы керек. Бұл менің ғана емес, барлық ата-аналардың басындағы жағдай. Бізге көмектесулеріңізді сұраймыз.

Қаламқас Сәрсенбаева, қалалық білім бөлімінің басшысы:    

- Қалалық прокуратура тексеріс ашады. Сол тексерістің нәтижесінде 381-ші бұйрық талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Сол себепті маусым айынан бастап қаржыландыру тоқтатылды.

Бұл оқиғаға байланысты қандай шешім қабылданары әзірге белгісіз. Сол себепті жеке балабақша қызметкерлері мен ата-аналар жергілікті атқарушы билік өкілдерінен көмек сұрап отыр.

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов