Қытайда АЭС өңірлердің дамуына зор ықпал етті
Бейбіт атом игілігін көріп отырған дамыған мемлекеттердің бірі – Қытай. Аспанасты елінде атом электр станциясы салынған провинциялардың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші көш ілгері. 10 жылдың ішінде шағын шаһарлар мегаполиске айналып, елді мекендерге қала статусы берілген.
Қытайдың атом энергетикасы саласының дамуы 90-жылдардан бастау алады. Қазір алпауыт елде 57 ядролық реактор бар. Қазір Қытайдың көп жерінде үшінші буынды реакторлар жұмыс істеп тұр. Солардың бірі Ляньюньган қаласындағы Тяньвань АЭС-і.
Жақсы көріну үшін әкімшілік ғимаратының шатырына шықтық. Арт жақта АЭС-тің реакторларын көруге болады.
АЭС салынғанға дейін жергілікті халықтың табыс көзі балық пен теңіз өнімдері болған. Кейін іске қосылған соң тұрғындар жұмысқа тартылып еңбекпен қамтылды. Атом электр станциясында қауіпсіздік қатаң бақыланады. Станция жанында ғылымға негізделген бірнеше институт пен орталық қатар жұмыс істейді. Қытайлық мамандар «Қабырғасы жер сілкісіні мен жойқын тайфундарға төтеп беретіндей есеппен салынған» деп сенімді түрде айтып отыр.
Ма Ли, Тяньвань АЭС-нің 1-ші электр станциясының директоры:
-АЭС – бұл энергетикалық қауіпсіздік. Мәселен, Тяньвань АЭС-нің құрылысы тұтас Цзянсу провинциясының өнеркәсіптік және энергетикалық құрылымын реттеуге тиімді ықпал етті. Қытайдың шығысындағы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Ең бастысы кешенді өндірістік кластер жасауға мүмкіндік берді.
Қытай елі 2035 жылға қарай атом энергоблоктарының санын 100-ден асырады. Қазірдің өзінде көрші елде 26 ядролық энергонысанның құрылысы жүріп жатыр. Биылдан бастап тағы 11 энергоблок салу туралы шешім қабылданды.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы