Хабар телеарнасы

Гидротехник: Судың есебі дұрыс болуы нәтижесінде елордамыз тасқын судан аман қалды

Тілсіз жаудың бірі – су. Оны биыл көктемде 10 облысты су басқанда түсіндік. Зардабы шаш етектен болды. Дегенмен тасқыннан елді мекендерді аман алып қалуға барын салған маман аз емес. Солардың бірі - Жанар Мұқатова. 

Жанар Мұқатова - еңбек жолын 20 жыл бұрын Іле-Балқаш бассейннің көлемін сақтап қалу жұмысынан бастаған. Тәжірибе жинақтап, өз ісінің білгірі атанды. Кейін «Қазсушар» мекемесіне бөлім басшысы болды. Білікті маманның айтуынша, биыл көктемде судың есебі дұрыс болуы нәтижесінде елордамыз тасқын судан аман қалған.

Жанар Мұқатова, бірінші санаттағы инженер-гидротехник:
-Қардың қалыңдығын өлшейді, мұздың қалыңдығын өлшейді. Сол арқылы бізде тасқынға дайындаламыз. Біз 24 сағаттық кезекшілік жасаймыз.Күнде судың есебін жүргіземіз. Судың деңгейін әр объектіде гидрометрическая рейка бар. Мына рейкадан қараймыз. Биыл біз 3-4 ауылды су басу қаупінен сақтап қалдық.

Биыл Республика бойынша таңдаулы 10 маман Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өтті. Сол топтың құрамында Жанар Мұқатова да болды. Ол шетелдің суды қайта өңдеп, үнемді пайдалану тәжірибесіне ден қою керегін айтады.

Ербол Әскербеков, «Қазсушар» РМК Ақмола филиалының директорының орынбасары:
-Жанар Жұмабекқызы суды жақсы санайды. Қанша келетінін, қанша кететінін бәрін. Оңтүстік Кореядан үйреніп, біздің жас мамандарды білімді үйрету үшін жібердік.

«Су шаруашылығында маман тапшы. Жастардың қызығушылығы да төмен»,– дейді Жанар Мұқатова. Сондықтан ұжымға келген жастарды осы қызметке баулып, білгенін үйретуге тырысатынын айтады.

Жанар Мұқатова, бірінші санаттағы инженер-гидротехник:
-Бізде маман тапшылығы әлі де бар, бірақ жастар келіп жатыр. Оларды барынша осы біздің жұмысқа үйлестіріп, үйретсең, бәрі де ертең келешекте жақсы маман болады.

Кейіпкеріміз көктемгі маусым кезінде күн-түн демей жұмыс орнынан табылады. Себебі әрбір есептің маңызды екенін жақсы біледі. Жанардың өз ізбасарларының көп болғанын қалайды. Бұл саладағы білікті кадр тапшылығын шешуге ықпал етсек дейді.

Авторлары: Диана Қадыр, Бауыржан Ебелеков