Хабар телеарнасы

Орталық Азиядағы ядролық энергетиканың дамуы талқыланды

Энерготапшылық, экологиялық міндеттеме және энергетикалық тепе-теңдік. Еліміздің бірнеше қаласында энергетиканы дамыту мәселесіне қатысты конференция өтіп, оның ішінде атом энергиясына байланысты да талқылаулар өтті. Қуат көзіне тапшылық сезіле бастаған соңғы екі жылда еліміз жылына 60 млрд теңгеден шығындалып отыр. Жыл санап бұл сандар өсе береді. Тапшылықпен күресу үшін газ, жел, су энергиясына иек артылады. Ал осы реттегі атом энергиясының рөлі туралы отандық және шетелдік сарапшылар ой бөлісті.

Орталық Азия және АЭС. Астанада өткен ғылыми-конференцияда өңірдегі энергетикалық қауіпсіздік мәселесі талқыланды. Көрші Өзбекстан атом стансасын салуға шешім қабылдаса, қоңсы Қырғыз Республикасы да бұл мәселені қарастырып жатыр екен. Атом энергиясына иек артуға бел буған тағы бір Орталық Азиялық ел – Моңғолия.

Сарапшылар атап өткендей, таяу келешекте аймаққа қуат көзінің тапшылығы келе жатыр және мәселені халықаралық талаптар шегінде шешудің жолы ретінде барлығының таңдауы атом энергетикасына түсіп отыр. Ал шығыстағы көршілер АЭС санын 150-ге жеткізбек ниетте. Себебі тұрақты базалық қуат көзі қажет. Соңғы 2 жылдан бері қуат көзіне мұқтаждық сезіле бастаған біздің елде тапшылықтан жыл сайын 60 млрд тг шығын келіп жатқанын ескерсек, жыл санап бұл сома өсе бермек. Қол қусырып отыруға болмайды, - дейді мамандар. 

Бауыржан Ибраев, NNWI Central Asia Kazakhstan консультативтік кеңесінің төрағасы:

- Мысалы, Астананың түбінде тұрған ветростанциялар біреуі де кеше кешке жақын, түстен кейін істемеді, ешқандай электр қуатын бермеді. Соған қарағанда мысалы, жел жоқ болса, біз қалай электр қуатынсыз күн көреміз деген сұрақ қой. Сондықтан негізгі ретінде атомдық генерация болғанын өзім қалаймын.

Ал Алматыдағы Ядролық физика институты қабырғасында мамандар атом энергиясының экологиялық қырын талқыға салды. КИОТО және ПАРИЖ конференцияларының шешімдеріне сәйкес әлем елдері ауаға шығарылатын көмірқышқыл газын азайтуға міндетті.

Қазақстанда электр энергиясының 70%-ін көмір береді. Жылына біздегі Жылу электр стансаларынан 100 млн тоннаға дейін көмірқышқыл газы бөлініп ауаны ластап жатыр. Париж келісіміне қол қойып, экологияға келтірілетін залалды азайтуға міндеттеме алған ел ретінде бізде жаңартылатын энергия көздеріне көбірек басымдық беріледі. Ал энергетикалық тұрақтылық пен тепе-теңдік үшін атом станциясы керек, - дейді ғалымдар.  

Медеу Әбішев, физика-математика ғылымдарының докторы:
- Үлкен дауылдардың болуы, су алуы, одан кейін Африкада қар жауып жатыр. Осының бәрі климаттың өзгеруіне байланысты болып тұр. Бұл бүкіләлемдік жылыну деген сөз, жылы болып кетеді деген сөз емес, табиғаттың қалыпты күйінің бұзылуы. Яғни түрлі апаттар көбейе бастайды деген сөз.

Ел кіндігі Ұлытауда да алқалы жиын. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде үлкен шара өтті. Дөңгелек үстелде профессорлар, білім беру саласының мамандары мен энергетика мәселелеріне қызығушылығы бар қоғамдастық өкілдері бас қосып, Мемлекет басшысы Жолдауда айтқан энергетика саласны дамыту түйткілдерін талқыға салды. Әлбетте экономикалық қауіпсіздік, экологиялық тазалық пен әлемдік тәжірибе шегінде атом энергетикасының маңыздылығы да сөз болды. 

Жанат Қабасқызы, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің аға оқытушысы:

- Табиғи ресурстар өмір бойы шексіз емес. Олар таусылған кезде халықтың, еліміздің болашағының қалай болатынын ойлауымыз керек. Сол себепті атом электр станциясын салуға мен қарсы емеспін. Атом электр станция күрделі құрылыс. Бұл біздің Қазақстан үшін өте керек.

Атом электр станциясын салу мәселесінде ғылыми ортадан бөлек, еліміздегі қоғамдық саяси топтар да белсенді. АЭС құрылысын қолдау жөніндегі Халықтық штаб өкілдері Маңғыстау өңіріне барып, еңбек ұжымдарымен және Сенек ауылы тұрғындарымен кездесті.

Тапшылық шалғайдағы елді мекендерге де келетінін түсіндірді. Тапшылықтың жүктемесі артқан кезде жетпеген электр қуатын көрші елдерден сатып алатынымыз айтылды. Жетіспеушілік Маңғыстау өлкесінде тұрғын үй коммуналдық инфрақұрылымның дамуына, жаңа кәсіпорындар салуға қолбайлау болуда. Мәселенің шешімі өңірді бірыңғай энергетикалық жүйеге қосу арқылы шешілмек. Бірақ тапшылық тек Каспий аймағымен шектелсе кәні? Қуат көзі бүкіл елге қажет.   

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясы Қазақстанда жылдан жылға өте сапалы іске асып келе жатыр. Ал еліміздің тарихында тұңғыш рет әлеуметтік-қоғамдық мәселені референдумға шығарып отыр. Бұл – Мемлекет басшысының соңғы бесжылдықта ұстанып келе жатқан ең негізгі бағыттарды бірі. Ал осы жасалып жатқан жұмыстар тікелей Қазақстанда жаңа саяси-қоғамдық мәдениет қалыптасып жатқанының бірден-бір белгісі.

Байқағанымыз елде атом энергетикасын дамытуға мүдделі тараптар көп. Алайда оны жүзеге асыратын әлеует бар ма?, - деген сұрақ туындайды. Өзіміздікін былай қойғанда, халықаралық сарапшылардың өздері Қазақстанның әлеуеті зор деп отыр.

Уильям Фрибэрн, S&P Global Commodity Insights агенттігі директорының орынбасары:

- Көптеген елдер атом энергиясы бағдарламаларын іске қосу мәселесін бірінші рет қарастырып жатыр. Олардың экономикалық жағдайы әртүрлі. Мұндай энергияны өндіру үшін мықты техникалық мамандар керек. Ядролық инженерлік бағдарлама бекітілуі тиіс. Бұл салада Қазақстанның ядролық технология бойынша бай тарихы бар. Сонымен қатар Қазақстанда атом стансасына қажетті уран қоры да мол.

Елдің атом энергиясын дамытуға қажетті әлеуетін мамандар былай деп дәйектеуде. Қазақстанда 3 атом реакторы бар және олардың жұмыс істеген уақыттарын қоссақ, жиыны 250 жылға жетеді екен. Мәселен, Алматыдағы Ядролық физика институтындағы ядролық зерттеу реакторының тоқтаусыз жұмыс істеп тұрғанына биыл 57 жыл болды. 

Берік Дүйсенбай, Аманжол Байғазин, Ренат Досалиев