Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы саласында маман тапшы
Қазір өңірге комбайн, трактор жүргізушілері мен механизатор, агроном ауадай қажет. Зейнетке шыққан тәжірибелі мамандардың орнын басатын жастар аз. Мәселе жыл сайын күрделеніп барады.
Нағи Ілиясов атындағы Сырдария ауылының тұрғыны Болат Ахметов үш жыл бұрын зейнетке шыққан. Бірақ 45 жылдық тәжірибесі бар тракторшының үйреншікті ісінен қол үзгісі жоқ. Оның үстіне алқапта жұмыс істейтін маман тапшы.
Болат Ахметов, тракторшы:
- Жастар көбі шаруашылықта істей бермейді. Өйткені айлық аз дейді. Сосын қалаға, ақшасы көп жерге кетеді. Кредиті бар, ипотекаға үй алған.
Еркебұлан Ерәлиевтің 5 мың гектар егістік алқабында 400-ден аса жұмысшы бар. Дегенмен шаруашылық басшысы білікті мамандардың жоқтығын айтады.
Еркебұлан Ерәлиев, шаруа қожалығының басшысы:
- Жылдан жылға күрделеніп келе жатқан нәрсе. Қазіргі таңда механизаторлар жетіспегендіктен көрші ауылдардан, көрші облыстардан келіп істеп жатақан жұмысшылар бар.
Талғат Дүйсебаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Бірінші мәселе – мамандардың біліктілігінде. Ол – бір мәселе. Екінші мәселе – айлық мәселесінде. Ауылда қазір шынын айту керек, ауыл шаруашылық құрылымдары жұмыс істейтін адамды тапшы деп ет айтуға болады.
Қызылорда аграрлық-техникалық колледжін жылда 140-тан астам маман тәмамдайды. Бірақ мамандық бойынша жұмысқа орналасатыны аз.
Бағдат Бейсембаев, колледж оқытушысы:
- Ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетін бітірген 10 баланың үшеуі ғана мамандық бойынша ауыл шаруашылығына жұмысқа тұрды. Ал зоотехника мамандығы бойынша 14 баланың ешқайсысы жұмысқа тұрған жоқ.
Мағрипа Әйтенова, колледж оқытушысы:
- Дәнекерлеуші технигі, газбен қамтамасыз ету технигі, электрик, бұлардың барлығы практикаға барған кезде ешқандай қиыншылықтар туындамайды. Ауыл шаруашылығы бойынша біз бұлай мақтана алмаймыз. Өндіріс орыны бар, бірақ олар қабылдамайды.
Өңірде агроөнеркәсіп кешені қарқынды дамып келеді. Өндіріске озық технологиялар мен цифрлық жүйе енгізіліп жатыр. Ал білікті мамандар тапшы.
Асланбек Шығыр, Райхан Тәжібаева, Нұржан Мұзарапшин