Хабар телеарнасы

Оңтүстік Кореяда АЭС маңында тұратын халыққа тегін үй берілген

Оңтүстік Кореяның Ульчин уезіндегі «Хануль» және «Шин Хануль» атом электр станциялары маңында халық көп тұрады. Жергілікті жұрт өзге өңірлерге қарағанда әлеуметтік тұрғыдан жақсы қорғалған. Адамдарға тегін үй беріліп, коммуналдық қызметтерді төлеуге жеңілдік жасалған.

«Хануль» және «Шин Хануль» атом электр станциялары - Оңтүстік Кореядағы ең ірі энергетикалық кешен. Ол 2018 жылы Олимпиада ойындары өткен Канвон провинциясы мен Сеулді электр қуатымен қамтамасыз етеді. АЭС-тің қасында орналасқан жағажайда жазда бос орын жоқ. Осында жергілікті тұрғындар демалыс күндерін өткізеді. Жергілікті балықшылар балық аулайды.

Чу Вон До, Ульчин уезінің тұрғыны:
-Егер бұл жерде радиация болса ешкім тұрмас еді. Мен жыл сайын медициналық тексеруден өтемін. АЭС жанында өмір сүрудің артықшылықтары – жеңілдіктер. Мысалы, студенттер шәкіртақы алады. Ал мен сияқты кәсіпкерлерге электр қуатына жеңілдіктер беріледі.

Ульчин уезінде 55 мыңнан астам тұрғын бар. АЭС қызметкерлеріне тегін берілетін пәтерлері бар көпқабатты үйлер салынған. Осындай тұрғын үй кешендерінің бірінде 57 жастағы Ким Сын Ха тұрады. Ол «Хануль» АЭС-інде нысан іске қосылған сәтінен бастап жұмыс істеп келеді.

Ким Сын Ха, Корея гидро және атом энергетика бірлестігінің аға менеджері:
-Кореяда табиғи ресурстар жоқ. Сондықтан ол елде өндірілген тауарларды экспорттаумен табыс табады. Бұл тауарларды өндіру үшін электр энергиясы қажет. Атом электр станцияларының арқасында зауыттарға арзан электр қуаты жеткізіледі. Бұл өндіріс шығындарын төмендетіп, экспорттық бәсекеге қабілеттілікті арттырады. Менің ойымша, Корей экономикасының қарыштап дамуына атом электр станциясында өндірілген электр энергиясы әсер етті.

Осы айда Оңтүстік Кореяның Ядролық қауіпсіздік комиссиясы Кореяның гидро және атом энергетикасы корпорациясына «Шин Хануль» АЭС-інің үшінші және төртінші энергоблогтарын салуға лицензия берді. Құрылыс сегіз жылға созылады деп жоспарланып отыр. Осы уақыт ішінде 7 миллионнан астам жұмыс орны ашылмақ.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян