Жеңістің 80 жылдығы: Алматыда тарихи-ғылыми конференция өтті
Келесі жылы Ұлы Жеңіске 80 жыл толады. Осыған орай Алматыда «Бұрынғы одақтас республикалардың Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қосқан үлесі» деген тақырыппен тарихи-ғылыми конференция өтті. Оған Ресей, Беларусь, Армения, Өзбекстан мемлекеттерінен ардагерлер ұйымы мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері арнайы келді. Іс-шараны ұйымдастыруға қалалық Қоғамдық даму басқармасы атсалысты. Басқосуда қатысушылар адамзат тарихындағы ең зұлмат соғыстың зардабын еске алды. Ұлы Жеңісті жақындатқан майдангерлер туралы естеліктер айтып, тың деректермен бөлісті.
Ұлы Жеңіс баршамызға ортақ. Кеңес Одағының құрамында болған республикалар фашизмге қарсы соғыста аянып қалған жоқ. Майдангерлер туралы тың деректер әлі де шығып жатыр. Мәселен, 4 бірдей қазақ қызынан құралған танк экипажы болған. Олар Курск түбінде шайқасқан. Кейіннен хабар-ошарсыз кеткен. Бұл туралы 1942 жылы «Советская Караганда» газетінде жарияланыпты.
Абай Тасболатов, ардагерлер орталық кеңесі төралқасының мүшесі:
-Қыздарымыз 19-20 жастағы сол Қарағанды облысынан. Военкоматқа келіп тұрып, өздері сол арыздарын жазып соғысқа қатысқан. Курск шайқасында батырлығына «За Отвагу» деген медаль алған төртеуі. Оны зерттеу керек.
Мұндай деректер өте көп. Беларусьтан келген Юрий Луцыктың айтуынша, ІІ дүниежүзілік соғыста бір ғана Брест қамалын қорғағандардың қатарында 3 мыңға тарта қазақстандық болған. Ал Беларусьтың өзін соғыс әбден ойсыратып кетті. 250 қаланың 200-ден астамы жермен жексен болып қираған.
Юрий Луцык, Ардагерлер қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары /Беларусь/:
-Бұрынғы одақтас республикалардың жауынгерлерінің арқасында біздің еліміз жаудан азат етілді. Ешқайсысын бөліп жарып айтуға болмайды. Бәрінің ерлігі ерен. Біздің жерімізде ерлікпен көз жұмған жауынгерлер жерленген. 8 мың 500-ден астам ескерткіш пен мемориал бар. Енді соғыстың аты аулақ. Ұрпағымыз бейбіт күнде өмір сүрсе екен деймін.
Іс-шараны өткізуге ТМД елдері ардагерлерінің халықаралық одағының үйлестіру кеңесі бастамашы болған. Акция бірнеше елде өтеді. Алматыдан кейін ардагерлер Бішкекке жол тартты.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев