Хабар телеарнасы

Таразда ескі үйлер қайта жаңғыртылып жатыр

Таразда 53 көпқабатты үйге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 40 жыл бұрын салынған баспаналардың шатырларынан су ағып, ауызсу және кәріз жүйесі тозып тұр. Жазда басталуы тиіс құрылыс жұмыстары қыркүйекте қолға алынған. Себебі неде?

Аса шағынауданындағы 180 пәтерлі мына үй 35 жыл бұрын салынған. Содан бері бірде-бір рет жөндеу көрмеген. Салдарынан инженерлік желілері тозып, шатырынан аққан су бірінші қабатқа дейін өтіп кететін. Тұрғындар жыл сайын ақша жиып, төбесіне қара қағаз төсеткенімен, мәселе шешілмеді. Биыл көпқабатты баспанаға тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы бойынша жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сейсенкүл Жүсіпова, қала тұрғыны:  

- Подвалдың іші шіріп, бүкіл өзіміз қойған винтельдер жоқ. Біреу алып кетеді. Подвал бұзылып, су ағып жататын. Трубаларының бәрі шіріп кеткен. Енді қазір қуанып отырмыз бізге осындай ремонт істеп жатқанға.

Мерей Бает, тілші:

- Құрылыс алаңында қазір жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Себебі қарлы, жауынды маусымға қалып кетпеуі тиіс. Қазір мердігер компания ең алдымен тұрғын үйдің төбесін жабуға кіріскен.

Ескі үйдің жертөлесі мен кіреберістері жөнделіп, сыртқы келбеті қалыпқа келтіріледі. Ауызсу және кәріз құбырлары толықтай ауыстырылады. Қазір 53 үйдегі жөндеу жұмыстарымен 23 құрылыс компаниясы айналысуда. Бұған бюджеттен 5 млрд 86 млн тг бөлінген.

Алмат Радикұлы, Құрылыс компаниясының директоры:
Бұл жұмыстарды біз қыркүйек айынан бастадық. Себебі қаражат бізге тамыз айының соңында келіп түскеніне байланысты. Жылыту маусымына дейін жертөлесіндегі инженерлік инфрақұрылымды толық ауыстырып бітеміз деген жоспарымыз бар. Шатырды жабу жұмыстарын осы айдың ортасынан 20-на қарай толық аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Ал алда-жалда жауын жауып, пәтерге су ағар болса, мердігер компания шығынды өз мойнына алмақ. Жалпы Таразда 1400-ден аса көпқабатты үй бар. Соның 500-ден астамына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет.

Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байдәлді