Қарағандыда әлеуметтік баспананы жалға беретіндер көбейді
Қарағандыда мемлекеттік бағдарламамен пәтер алып, оны жалға беріп, пайда тауып отырғандар көбейіп барады. Ал шынайы мұқтаж жандар жылдар бойы баспана кезегін күтуге мәжбүр. Халық шағымынан кейін облыс әкімі әлеуметтік баспаналарға тексеріс жүргізуді тапсырды. Заңбұзушылық анықталса, пәтер қайтарылмақ.
Датқабаевтар отбасының әлеуметтік жағдайы өте нашар. Ыстық суы жоқ, ұзақ уақыт жөндеу көрмеген суық пәтерді жалдап тұрады. Төрт баланың анасы Диана бұдан жақсы баспанаға ауысуға күйеуінің жалақысы жетпейтінін айтады. Ал атаулы әлеуметтік көмекке ілікпеген.12 жылдан бері пәтерден-пәтерге көшіп жүр.
Диана Датқабаева, көпбалалы ана:
- 2021 жылы тұрғанбыз тұрғын үй кезегіне. Кезекте 700 бірдеңе деп тұр. Ал қағазда 800 бірдеңе. Жолдасым дәнекерлеуші, тұрақты жұмысы жоқ. Табысын алып келеді, бірақ барлығы квартираға кетеді. Пәтерлерді жалға беріп қояды алған кісілер, біз міне, жүрміз.
Осындай шағымдар жергілікті билікке жиі жетеді. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаев жиындардың бірінде мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:
- Кейбір қала тұрғындары әлеуметтік бағдарламамен пәтерді алып алады да, оны жалға беріп қояды. Ал нағыз мұқтаж адамдар сырт қалады. Барлық қала, аудан әкімдіктері тұрғын үй инспекциясымен бірлесіп осыны тексеруі тиіс. Мен қайда бармайын, тұрғындардан осындай шағым естимін.
Енді әкімдік мамандары мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген пәтерлерді аралап, оларда шын мәнінде кімдер тұрып жатқанын анықтайды. Егер жалға берілсе, баспана сот шешімімен қайтарылады.
Әділ Әубәкіров, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Пәтердің жалға берілетінін анықтап, сот арқылы дәлелдеу қажет. Содан кейін үйді босатады. Себебі ол тұруға ғана берілген баспаналар. 5 жылға дейін пәтерді сатып ала алмайды. Әлеуметтік баспана нақты мұқтаж жандарға берілуі керек.
Қарағанды қаласының өзінде үй кезегінде 20 мыңнан астам адам тұр. Олардың қатарында жетімдер, көпбалалы аналар, мүгедектігі бар жандар, бюджет және мемлекеттік қызметшілер бар. Биыл 1700 отбасын баспанамен қамту жоспарланған.
Руслан Нұрланұлы , Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар