Гаджетке тәуелділіктен қалай арыламыз?
Соңғы уақытта қоғамда балалар мен жасөспірімдердің гаджетке тәуелділігі күрделі мәселеге айналып отыр. Үш мың бала қатысқан сауалнама нәтижелері балалардың күніне 5 сағатын интернетке жұмсайтынын көрсеткен. «Мұның соңы түрлі психикалық ауытқуларға, баланың ортадан оқшаулануына, теріс қадамдарға баруына итермелейді»,– дейді Алматыдағы психикалық сауықтыру орталығының мамандары.
Егер балаңыз гаджетті қолына алғанда эйфориялық күйге түссе, ал интернет желісінен тыс жерде мазасызданып, өзін жайсыз сезінсе «дабыл қағатын» уақыт жетті деп қабылдаған жөн. Бұл кәсіби маманның анықтамасы. Көп жағдайда, ата-ана бұл өзгерістерге көз жұма қарайды, тіпті маманның көмегі керек екеніне күмән келтіретіндер де бар.
Сапар Рахменшеев, психикалық сауықтыру орталығының директоры:
-Тәжірибемізде болды, осы ойындарға тәуелді баланы алып келді. 12-13-тегі бала. Сонда ол анасының ойнамайсың деп жаңағы компьютерді алып қойған кезде анасына қол көтеріп, ұйқысы бұзылып, әртүрлі елестер пайда болып, сондай өте ауыр жағдайда бізге алып келді. Сол баланы біз емдедік.
Бір өкініштісі, виртуалды әлемге тәуелділік суицидке итермелейді. Орталықтың сенім телефонына жыл басынан бері төрт мыңға жуық қоңырау түскен. Оның 115-і суицид жасау ойы барын жеткізген. Бұлардың барлығы ересектер. Ал балалардың теріс пиғылын көбіне ұстаздары байқап қалады екен. «Баланың мұндай жағдайға түсуі ата-анамен қарым-қатынастың әлсіреуі, баланы тыңдай алмауда жатыр»,– дейді мамандар.
Саида Ешімбетова, Медициналық университеттің кафедра меңгерушісі:
-Сепарация дей ме, дербестік дей ме, оның бәрін түсіну керек, психология бойынша айтылған, керек жерінде істетілетін бір терминдер. Оны барлық өмірімізге түсінбестен істету жанұяның шырқы бұзылуына әкеледі.
Отбасы институтын жандандыру керек. Тығырықтан шығар жол осы. Психикалық сауықтыру орталығының мамандары ұстаздар, ата-аналарға арнап арнайы нұсқаулықты жарыққа шығарды. Шағын кітапшада суицидтің алғашқы белгілері, оның алдын алу, қажетті көмек шаралары қамтылған.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев