Елімізде суицид кеселі өршіп тұр
Елімізде жеткіншектердің өзіне қол салу деректері жиілеп кеткені қоғамды алаңдатып отыр. Тек Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері кәмелеттік жасқа толмаған екі бала өздерін өлімге қиған. Екеуі де 17 жаста.
Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, жыл басынан бері 26 адам өмірмен қош айтыспақ болған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе артық.
Өлкеде өз өмірін өлімге қию дерегі артып барады. Демек бей-жай отыратын кез емес. Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасы «Ұрпақ» телеграмм чат ботын іске қосуға мәжбүр болды. Мақсат – өмірге өкпелі жанды тығырықтан алып шығу. Өйткені бұл чат арқылы кез келген адам көмек сұрап, жағдайын баяндай алады. Бұндай кері байланыс бекерден құрылған жоқ. Биыл облыста 26 адам өз өзіне қол салмақ болды. Көбісі 15 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер. Әр оқиғаның себебі әрқилы.
Нартай Мұратов, ШҚО прокурорының аға көмекшісі:
- Көбінесе қыздар сол суицид әрекетін жасайды. Талдау нәтижелеріне сай 7 факт анықталды. 7 бала өзінің жақын туыстарының өліміне байланысты суицидттік әрекеттер жасамақшы болған. Сонымен қатар суицид әрекетін жасаған балалар тіркеу учетында тұрады.
Жағдайға психологтар да алаңдаулы. Аяулым Жеңісқызы кәмелеттік жасқа толмағандармен жұмыс істейді. Күніне 2-3 балаға кеңес беріп, жан жарасын жазуға тырысады. Кейде бұл процесс бір аптаға, кейде бір жылға созылады. Кәсіби маман суицидтың алдын алу үшін отбасындағы қарым-қатынасты нығайту қажет,- деп санайды.
Аяулым Жеңісқызы, психологиялық қолдау және көмек көрсету орталығының қызметкері:
- Көбінесе мысалы, балалары әртүрлі қылық жасағанда ата-аналар мен оны күткен жоқпын, менің балам ондай емес деп жатады. Негізінде балалар балада сигнал болады, тек ата-ана оны уақытылы байқай алмады. Сондықтан ата-анаға берер ақыл кеңесім – күнделікті күйбең тіршілікті қоя тұрып, бір уақыт балаға назар аудару керек.
Өскеменде жыл басында ашылған осы психологиялық қолдау орталығы 2 мыңға жуық адамға рухани көмек беріп үлгерді. Диана Маткаримова көпбалалы ана. «Перзентіңнің ішкі дауысын естіп, күйзелісін жеңуде тек мамандарға жүгінген дұрыс», - дейді ол. Себебі өзі де сондай қиындықты бастан кешіріпті.
Диана Маткаримова, көпбалалы ана:
- Үшінші қызым бірінші сыныпқа барар кезде алаңдайтын болдым. Себебі өзінің бірінші сыныпқа барарда бір қорқынышы болды. Осы орталыққа хабарласып, психологиялық көмекке жүгініп, ол алаңдаушылықты жеңдік.
Құзырлы орган өкілдері әр ауланы аралап, балалармен қарым-қатынас орнату әдісін де қолға алды. Сонымен қатар білім басқармасымен бірлесіп, сайт арқылы қауіпсіздік жобасын іске қосты. Өйткені ел бойынша ресми деректер жантүршігерлік. Тек 8 айда 2389 суицид тіркелген. Өз-өзіне қол салғандардың 128-і бала.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов