Референдумда 70 мыңнан астам комиссия мүшесі жұмыс істеп жатыр
Бүгінгі референдумда 70 мыңнан астам адам комиссия мүшесі ретінде жұмыс істеп жатыр. Олар 10 мың 323 учаскеде дауыс берушілерді қабылдап, тұрғындардың құжаттарын тіркейді. «Мамандардың барлығы арнайы оқытудан өткен», - дейді Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров. Ал олар нені білуі тиіс?
Дамир Берікұлы, тілші:
- Иә, біз қазір Орталық референдум комиссиясының ғимаратындамыз. Мұнда таңнан бері жұмыс қызу. Комиссия мүшелері 2 сағат сайын брифингте халықтың референдумға қатысуы жайлы ақпарат беріп отыр. Сондай-ақ аймақтардағы комиссиялармен де тығыз байланыста. Жалпы референдумды ұйымдастырушыларға қойылатын негізгі талап – заңнаманы қатаң сақтау. Мұны кеше Бас прокуратура өкілдері де ескертті.
Мәселен, олар басқа адамдар үшін дауыс беру мақсатында азаматтарға бюллетень берсе, дауыстарды санау басталғаннан кейін оларға өзгерістер енгізсе, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал референдум құжаттарын бұрмалап, дауыстарды дұрыс есептемегені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Айта кетейік, 70 мыңнан астам комиссия мүшелерінің жұмысы дауыс беру аяқталғаннан кейін де жалғасады. Олар бюллетеньдерді санап, өзі бағынатын комиссия басшылығына есеп береді.