Хабар телеарнасы

Референдум талапқа сай өтті – шетелдік байқаушылар

Республикалық референдумға 30 шет мемлекет пен салмақты деген төрт халықаралық ұйымнан 177 байқаушы қатысты. Мәселен, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымы атынан Қазақстанның 9 өңірінде 74 байқаушы дауыс берудің заңды әрі еркін өтуін бақылады. «Келісіп пішкен тон келте болмас». Қазақстан референдум өткізу арқылы мемлекет үшін маңызды істе халықтың ойын елеп, пікірін ескеріп шешім қабылдайтынын көрсетіп отыр. Қоғам өз үнін қосуда белсенді, еркін. «Дауыс беру ретін бұзу болған жоқ» деп отыр байқаушылар. Түркі мемлекеттер ұйымының байқаушылар миссиясының мүшесі Сади Джафаров: «Учаскелік комиссия мүшелері электорат турасында ақпарат рет-ретімен беріп отырды. Дайындық осал емес. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, зағиптарға да тиісті кабиналар жасалған»,– дейді. «Бастысы референдум ашық өтті» десті шетелдік байқаушылар.

Антон Лопатин, Шанхай Ынтымақтастық ұйымының байқаушысы:
-Орталық референдум комиссиясының жұмысына оң баға беру керек. Барлық учаске комиссиялары мен аумақтық комиссия мүшелері кәсіби дайындалған. Ең бастысы, дауыс беру кезінде қандай да бір заңбұзушылықты байқамадық.

Сади Джафаров, Түркі мемлекеттер ұйымының байқаушылар миссиясының мүшесі:
-Бүгін учаскелердегі жұмысты бақылау кезінде барлық процестің Қазақстан заңнамасы мен дауыс берудің халықаралық стандарттарына сай атқарылып жатқанына көз жеткіздік.