Хабар телеарнасы

2025 жылдың шілдесінен бастап жаңа кассациялық соттар құрылады

Келесі жылдың 1 шілдесінен бастап жаңа кассациялық соттар құрылады. Мәжіліс сот жүйесін реформалау туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Азаматтық және қылмыстық істер кассациялық сотта алдын ала қаралмайтын болды. Енді азаматтар сот актілерін қайта қарау туралы арыз емес, кассациялық шағым түсіреді. Сондай-ақ жаңа соттардың құрылуына байланысты Жоғары Соттың да рөлі өзгереді. Төрелікті тек жергілікті және кассациялық соттар жүзеге асырады. «Бұл соттарға деген сенімді арттырады»,– дейді мәжілісмендер.

Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Кассациялық соттың істерді қарау мерзімі алты айдан аспайды. Сот процесі тараптар шақырыла отырып, ауызша жүргізіледі. Толыққанды сот талқылауында кассациялық шағымдарды алқалы түрде қарауға көшу соттарға түсетін жүктеменің едәуір артуына әкеледі, әсіресе азаматтық істер бойынша жүктеменің он есе өсуі болжануда. Сондықтан кассацияға қатысты кей шектеулер 2027 жылы алынып тасталмақ.