Қызылорда облысында балық шабақтары құтқарылып жатыр
Қызылорда облысында күріш алқаптарында қалып қойған балық шабақтары құтқарылып жатыр. Егінге берілген су тартылғаннан кейін атыз, арналардағы ұсақ балық өзенге қайта алмай қалған. Мамандар шабақтарды сүзіп алып, Сырдария мен Арал өңіріндегі су айдындарына жіберіп жатыр.
Биыл Арал ауданы бойынша 7 мың 400 тонна балықты сүзуге рұқсат берілді. Соның басым бөлігі Кіші Аралдан ауланады. Жалпы соңғы 5 жылда Арал теңізіне су жіберу жоспары алғаш рет 100 пайыз орындалды. Бүгінде Солтүстік Арал теңізінің су көлемі 22 млрд текше метрге жетті. Су келгелі балық шаруашылығы қайта жанданған.
Жанқожа Сапаров, Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары:
- Бұның ішінде барлығына белгілі «Көксерке» балығының сүбесі Еуропа елдеріне, жақын орналасқан Ресей, Қытай мемлекеттеріне жөнелтіліп отырады. Одан бөлек, мынау өсіруге қолайлы және осы облыс көлемінде жақсы дамып келе жатқан балық шаруашылығының өңірлік бағдарламасы бар. Соның аясында сазан балығы жақсы дамуда.