Хабар телеарнасы

Қызылорда облысында 130 медицина қызметкері жетіспейді

Қызылорда облысына 130 медицина қызметкері қажет. Кадр тапшылығын жою үшін шамамен 5 жылдай уақыт қажет,-дейді мамандар. Ауылдық елді мекендерде неонатолог, нефролог, травматологтарға сұраныс жоғары. Бұл мәселені шешу үшін қандай шаралар қолға алынған?

29 жастағы Әли Сайфулла бірнеше ай бұрын Қызылорда қалалық ауруханасына травматолог-дәрігер болып жұмысқа орналасты. Ол Қарағанды медициналық университетін хирург мамандығы бойынша бітірген. Кейін резидентурағы түсіп, травматолог болуға шешім қабылдайды.

Әли Сайфулла, травматолог-дәрігер:

- Мен Қармақшы ауданында жұмыс істеген кезде ол жақта тек қана хирург мамандығы бар, травматолог жоқ еді. Қазір келді. Сол кезде өзім сүйектерді салып, шыққан буындарды салып, өзіміз жасағаннан кейін травмотологияға қызығушылығым артты. Сол бойынша травмотологияға келдім.

Учаскелік дәрігер Әлихан Мұсаға туған жері Қызылордадан жұмыс табу көп қиындық туғызбаған. Қазір ол №6 емханада еңбек етіп жүр. Оның жауапкершілігінде шамамен 1 800 тұрғын бар.

Әлихан Мұса, учаскелік дәрігер:

- Қазіргі таңда бізде қабылдау 5 сағат жүргізіледі. Әрбір пациентке 15 минуттан берілген. Күніне 20 адамнан қабылдаймыз десек болады. Кейде сәл артығымен қабылдайтын күндер болады.Ол осы жылдың мерзіміне, мезгіліне байланысты күздігүні адамдар ауырған кезде, жиі ауырған кезде пациенттің саны көбейеді.

Өңірде медицина мамандарын қолдауға арналған бірқатар шара қолға алынған. Жыл сайын үздік түлектерге медициналық университеттерде білім алу үшін грант бөлінеді. Өзге аймақтан көшіп келуге ниетті дәрігерлерге қызметтік пәтерлер де қарастырылған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасынының мәліметі бойынша, былтыр Қызылорда облысына медициналық жоғары оқу орындарының 57 түлегі барыпты. Оның 19-ы ауылдық жерлерде жұмыс істеуді таңдаған.

Олжас Ысқақов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Президенттің тапсырмасына сәйкес ауылдық елді мекенге барған мамандарға 2024 жылдан бастап 500 АЕК есебінде бір мезеттік көтерме ақы беріп жатырмыз. Аралдағы екі неонатолог дәрігерімізге, Қармақшыдағы травматолог дәрігерімізге, Қазалы ауданындағы акушер-гинеколог дәрігерімізге, 4 маманға осындай тиісті көмегін берудеміз.

«Бүгінде облыста 130 медицина қызметкеріне сұраныс бар. Аймақта дәрігер тапшылығын жою үшін шамамен 5 жылдай уақыт қажет», - дейді мамандар.

Айта кетейік, былтыр еліміз бойынша өңірлерге медициналық жоғары оқу орындарының 4 мыңнан астам түлегі жіберілген. Оның ішінде 1 мың 200-ден астамы ауылдық елді мекендерге барды. 544 түлек әлеуметтік қолдау алды.

Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев