Түркістан облысының тұрғындарын субсидия сергелдеңге салып тұр
Түркістан облысында тұрғын үйді жалға алу ақысын субсидиялау бағдарламасына қатысушылар мемлекеттік көмектен қағылды. Сарыағаш ауданының өзінде 1714 адамға төлем беру тоқтатылған. Олар бағдарлама шарттарына неге наразы?
Ауыл тұрғыны Сапаргүл Тұрсынованың пәтер жалдап жүргеніне 6 жыл болды. Күйеуімен ажырасқан соң әр үйге көшіп-қонып, бөтеннің босағасын жағалауға мәжбүр. Ал жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялау бағдарламасына өткізген өтініші қанағаттандырылмаған. Комиссия өкілдері бірінші топтағы мүгедектігіне берілетін жәрдемақыны күнкөріске жеткілікті деп шешім шығарыпты.
Сапаргүл Тұрсынова, Сарыағаш ауданының тұрғыны:
- Былтыр барғанымда бермеді. Сондағы кіріс бір зейнетақым ғой. Нан жесем, дәрі ішпейсің. Дәрі ішсең, нан жемейсің. Сондай ғой. Бір зейнетақым ешнәрсеге жетпейді ғой.
Мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған Ақбаян Миятованы да субсидиялау сергелдеңге салды. Оның айтуынша, бағдарламаға қатысу талабы тым жоғары.
Ақбаян Миятова, Сарыағаш ауданының тұрғыны:
- Осы жақтың ауа райы балама жақты. Субсидия алайын десем, үй кезегіне тұр деп күйдіріп жатыр. Үй кезегіне барсам, олар мені тұрғызбай жатыр. Пропискаңыз пәлен жыл болуы керек дейді, 3 жыл толуы керек дейді. Мен ол жүйе дұрыс емес деп ойлаймын.
Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, былтыр 2848 отбасыға субсидия тағайындалған. Алайда биыл қайта тексеру кезінде 1714 адамның тұрғылықты мекенжайы мен анықтамасында сәйкестік болмай, төлем тоқтатылған. Сондықтан сала мамандарының өз уәжі бар.
Есжан Нұрша, Сарыағаш аудандық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:
- Ол жердегі бірінші себеп – тұрғын үйді жалдап тұрмайды ол жерде. Тек қана договор түзіп, келісімшарт негізінде ақша алып отырған. Ал екінші мәселе – туыстық қатынастығы барлар. Өзіне туыстық қатынастығы бар отбасылармен келісімшарт түзіп, сол бойынша да ақша алып отырған. Тексеріс барысында мыңнан астам адам қысқартылды.
Бағдарламаға қатысушылар: «Комиссия өкілдері өтінішті қайта қарауы қажет. Себебі мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекті пайдалану тәртібі дұрыс түсіндірілмеді», - дейді олар.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов