Ұлттық Банк төрағасы: Әлемде инфляция төмендеп келеді
«АҚШ валютасы бағамының бұдан әрі өсуіне нарықтық себеп жоқ»,– дейді Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов. Соңғы күндері доллар бағасының күрт өсуіне бірнеше фактор әсер еткен. Доллар жаһандық қаржы нарығында 2,1% күшейген. Одан бөлек елімізде долларға сұраныс артқан. Оның бірінші себебі жеке және квазимемлекеттік сектор тарапынан инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін АҚШ валютасы көп сатып алынған. Ал екінші себебі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы активтің 40% АҚШ валютасына ауысқан. «Бұл инвестициялық табыс көзін арттыруға тиімді»,– дейді бас банкир. Ал Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 14,25% сақтап қалды. Себебі инфляция деңгейі 8,4% айтарлықтай төмендемеді. Әсіресе елімізде азық-түлік, киім-кешек және коммуналдық төлем қымбат болып тұр.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық Банкі төрағасы:
-Сыртқы ортада әлемдік азық-түлік бағалары өскені байқалады. Қазақстанның негізгі сауда-серіктесі – Ресейде инфляция қарқыны жоғары. Жалпы айтқанда, әлемде инфляция төмендеп келеді. Оған орталық банктердің жоғары ставканы ұзақ уақыт бойы ұстап тұруына байланысты.