Еліміздегі балабақшаларға 7 мыңға жуық тәрбиеші қажет
Атап айтқанда, кадр тапшылығы Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды, Қызылорда және Атырау облыстарының мектепке дейінгі ұйымдарында сезіліп отыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің департамент директоры Манара Адамова мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл мәселе алдағы бірер жылда шешіледі. Тек соңғы екі жылда балабақшаларды білікті педагогтармен қамту екі есе артқан. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен мектепке дейінгі білім беру ұйымдары желісін ұлғайту көзделіп отыр. Қазірдің өзінде министрлік пен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп жоспар бекіткен. Соған сәйкес 2027 жылға дейін 300 мыңға жуық жаңа орын ашылады.
Айта кетейік, бүгінгі күні ел бойынша 11 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым бар.
Манара Адамова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры:
- 20 облыстың ішінде, 6 регионда кезектілік өте жоғары. Оның ішінде туған балалардың да және 2 мен 6 жас аралығындағы балалардың да кезектілігі өте жоғары. Мұндай жағдайда біз не істейміз? Мұндай жағдайда мемлекеттік тапсырыс алатын бос орын тұрған жекеменшік балабақшаны ұсынамыз. Неге? Себебі білім беру қызметін жүзеге асыру үшін мемлекет өз тарапынан мемлекеттік те, жекеменшік, меншік ұйымға да мемлекеттік тапсырыс ұйымдастырып отыр ол балаға.
Сондай-ақ елімізде ата-аналарға арналған мобильді қосымша қараша айында іске қосылады. «Беске дейін үлгер» деп аталатын жоба баланы тәрбиелеу, тамақтандыру, денсаулық және дағдыларын дамыту секілді маңызды мәселелер бойынша контент ұсынады. Қосымшадағы барлық материалдар нейробиологиялық зерттеулердің ғылыми деректеріне негізделіп әзірленген. Қазір бұл қосымша пилоттық режимде Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Ақтөбе облыстарындағы балабақшаларда сынақтан өтіп жатыр.