Хабар телеарнасы

Тілсіз жаудың жиілеуіне не себеп?

Елімізде өткен екі аптада 17 адам өрттен қаза тапқан. Мұндай жантүршігерлік статистиканы төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері мәлімдеді. Жарты айда 100-ден астам өрт тіркеліпті. Соңғы оқиға бүгін таңертең ғана болды. Астанадағы жатақханалардың бірінде қызыл жалын тұтанып, 5 адам түтінге уланып қалған. Олар қазір ауруханада жатыр. Тілсіз жаудың жиілеуіне не себеп? Құзырлы органдар алдын алу үшін не істеп жатыр?

Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдерінің мәліметінше, Қазақстанда жалпы жыл басынан бері 8 мыңға жуық өрт тіркеліпті. Оларда 213 адам көз жұмған. Тағы жүздеген адам түрлі деңгейдегі жарақат алған. Өкінішке қарай оқыс оқиғалардың азаятын түрі жоқ. Ал қыс мезгілі қарсаңында тіпті жиілеп кетеді.

Биыл Астана, Алматы, Шымкент қалаларымен қатар Маңғыстау және Алматы облыстарында өрт көбейген. Ал қаза тапқандардың көбі Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында. Сол себепті құтқарушылар жылу маусымы басталғалы сақтық шараларын күшейткен.

Мәселен, шығыста жеке үйлерді аралап шыққан мамандар қауіпсіздік талабы бұзылған 1 мың 400 дерек анықтады. Олардың көбі пештердің ақауы. Ал оқыс оқиғалардың алдын алу үшін төтеншеліктер, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар тұрып жатқан үйлерге иіс тиюдің алдын алатын құралдар орнатып жатыр. Жоспар бойынша 3 мыңнан астам баспана осындай қондырғымен жабдықталады.

Мәдина Сейітқамза, ШҚО ТЖД басқармасының аға инженері:

-Осы кіп-кішкентай құрылғының маңыздылығы өте орасан зор. Тұрғындарға, өзіміз қазіргі уақытта көріп жүрміз, ондаған адамның өмірін сақтауға көмектесіп жатыр. Осы датчиктерді орнатуға бейжай қарамауымыз керек.

Еліміз бойынша мұндай қондырғы 8 мыңнан астам үйге орнатылған. Мамандар: «220 мыңнан астам үйді аралап, 580 мыңға жуық адамға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндірдік»,– деп отыр.

Қанат Доспаев, ҚР ТЖМ өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары:

-Біз тек түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Оның барысында үйлерді аралаймыз және тұрғындардың келісімімен үй-жайлар тексеріледі, ұсыныстар беріледі және нұсқаулықтар өткізіледі. Өрт қауіпсіздігін бұзушылықтар анықталған кезде әкімшілік шаралар қолданылмайды.

«Себебі заңда айыппұл салу қарастырылмаған»,– дейді құзырлы орган өкілі. Министрліктің жанынан биыл төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті құрылып, оларға әкімшілік жауапкершілікке тарту құзыреті берілгенімен жеке үйлердегі өрт қауіпсіздігі олардың жұмысына кірмейді екен. Ал баспаналардағы қайғылы оқиғалардың біразы үй иелерінің мас күйінде болуы, электр құрылғылары мен пештерге немқұрайлы қарауының кесірінен болған.

Қыста үйлерге қауіп төндіруі мүмкін дүниелердің бірі - газ баллондары. Оларды қолдану кезінде де аса сақ болған жөн. Әсіресе, қыстың қақаған аязында оны даладан бірден ыстық жерге кіргізбеген жөн. Пештің жанына қоюға мүлдем болмайды. Себебі газ баллоны қатты қысымның салдарынан жарылып кетуі мүмкін.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Бауыржан Ебелеков