Жәнібек Әлімханұлы Андрей Михайловичпен шаршы алаңға шығады. Спорт жаңалықтары
Бокс кеші АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында 13 шілдеде өтеді. Жаңа Зеландиялық былғары қолғап шебері IBF нұсқасы бойынша міндетті қарсылас атанды. Бұл тұжырымдағы чемпиондық белбеу Жәнібектің еншісінде екені белгілі. Андрей кәсіпқой рингте осы уақытқа дейін 21 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Алдағы сайыста екі боксшының бірі жеңілістің ащы дәмін татады. Әлімханұлы бұл жекпе-жек өз пайдасына аяқталатынына сенімді.
Елордада асық атудан ел чемпионаты басталды.
Ұлттық ойынға 17 өңірден 8-10 жас аралығындағы балалар қатысып жатыр. Бұл бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. 132 жас мерген өзара мықтыны анықтайды. Жарыс төрт күнге жалғасады. Қазақстан біріншілігінің қорытындысы бойынша балалар іріктеліп, ұлттық құрамаға алынады. Мамандар: «Алдағы уақытта асық атуды халықаралық жарыстардың бағдарламасына енгіземіз», - дейді.
Жомарт Оразов, асық атудан мемлекеттік жаттықтырушы:
-Азия балалары деген кешенді халықаралық жарыс бар. Сол кешенді жарыстардың бағдарламасына асық атуды кіргізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Астанада параспортшыларға арналған бочча сарайы салынады.
Бұл жайында федерация өкілдері хабарлады. Жаңа спорт нысанында тірек-қимыл жүйесі бұзылған адамдарға қолайлы жағдай жасалады. Елде параспорттың бұл түрін дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Оған демеушілер де қаржылай қолдау көрсетті. 10 өңірде федерация филиалдары ашылды. Биыл республикалық біріншілікте 90-ға жуық спортшы сынға түсті. Үздік шыққандар қараша айында Бахрейнде өтетін әлем чемпионатына жолдама алды.