Хабар телеарнасы

Биыл халықтың жағдайын жақсарту үшін қандай маңызды өзгерістер болды?

Әлеуеттің әлеуметтік жағдайын көтеру – мемлекеттің алға қойған ең басты мақсаттарының бірі. Өткен жылдың өзінде бюджет қаражатының жартысынан көбі осы салаға бағытталды. 41 түрлі әлеуметтік көмекке - 5,3 трлн теңге қаржы жұмсалды. Оның 3,5 трлн теңгеден астам сомасы зейнетақы төлеміне кетті. 2024 жылы халықтың жағдайын жақсарту үшін тағы қандай маңызды өзгерістер болды?

Биыл әлеуметтік салаға көп қолдау көрсетілді. Әсіресе балалы отбасылар үшін жыл жағымды жаңалықтарға толы болды. Президент тапсырмасы бойынша, сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан 1,5 жылға дейін ұзарды. Ұлттық қор-балаларға жобасы іске қосылып, 7 млн баланың есепшотына 300 млрдтан астам теңге аударылды.

Дәурен Темірбеков, ҚР Қаржы вице-министрі:

- Бөлінетін қаражат арта түседі. Қазір түскен қаржы да бос жатайды. Бағдарламаның шарапатын 18 жыл бойы үздіксіз қаржы алып келген балалар толық көреді.

Ел бойынша әлеуметтік төлем алатын 4,5 млн-дай адам бар. Оның жартысынан көбі, яғни 2 млн 428 мыңы зейнеткер. Оларға зейнетақы төлеуге бюджеттен 3 трлн теңге бөлінген. Жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 131 556 теңге болған.

Гүлбақыт Манабаева, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің халықты әлеуметтік қорғау саласындағы деректеу және бақылау комитетінің бас сарапшысы:

-Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап 5 жылы ішінде, яғни 2028 дейін ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан 70 пайызына дейін, ал ең жоғары базалық зейнетақы көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызынан 120 пайызына дейін кезең-кезеңмен арттырылуы жүргізілуде. 

2024 жылы жұмысшы мамандықтарға көңіл бөліне бастады. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерге арнайы төлемдер беру тетігі пайда болды. 55 жасқа жеткен 37 мыңға жуық отандасымыз осындай қолдауға ие болды.

Биыл 892 мың адам екі қолға бір күрек тапқан.

Спабек Садықов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы:

-Жұмыспен қамтудың белсенді шаралары аясында 397 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Субсидияланатын жұмыс орындары, одан бөлек биылғы жылы берілген 9 мыңға жуық грант бар. Одан бөлек, мемлекет басшысының әрбір 10 мың халық үшін 100 жаңа жұмыс орны тапсырмасы аясында 300 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан.

Ал көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар адамдар үшін берілетін жәрдемақы көлемі биыл 7% артты. Бұл іс келер жылы да жалғасын табады.

Авторлары: Дана Әлиева, Диас Ковланбаев, Самат Оспанов