Ақмола облысында ауа райына байланысты егін орағы тұралап қалды
Бүгін елімізде – нан күні. 16 қазан – ырыздығын жерден алып, ысырапсыз қамбаға құятын диқандардың төл мерекесіне айналған. Орақ науқаны аяқталуға жақын. Егіннің 98% жиналып, 25,5 миллион тонна астық бастырылды. Орташа өнімділік гектарынан 15,6 центнерден айналып жатыр. Бірақ кей өңірлерде ауа райына байланысты егін орағы тағы да тұралап қалды.
Тәжірибелі диқан Артём Любимов үшін орақ науқанын ойдағыдай аяқтау оңайға түспегені рас. Өйткені күздегі жауын-шашын астықтың сапасын төмендетті. Соған қарамастан, шаруа гектарына 25 центнерден өнім алған. Оның басым бөлігі дымқыл. Қазір су астында қалған бидайды кептіріп жатыр.
Артём Любимов, шаруа:
-Осы жыл шаруалар үшін былтырғы жылдан да қиын болады. Өйткені өнім мол болған соң, астықтың бағасына әсер етеді. Мәселен, қазір 3 сұрыптағы бидайдың келісі 65 теңгеден бағаланып отыр. Тіпті гектарына 20 центнерден өнім алса да, оның бағасы шамамен 130 мың теңге шығады. Бұл еккен шығынды да ақтамайды.
Алексей Зинин, астықты кептіру қондырғысының операторы:
-Біз кептіру қондырығысындағы температураға аса мән береміз. Себебі бидай көп тұрса, күйіп кетуі мүмкін. Кептіру аппараты толық автоматтандырылған. Күніне шамамен мың тоннадай астық кептіреміз.
Биыл өңірде астық мол жиналғандықтан, қамбаның бәрі толып тұр. Енді шаруалар өнімін өткізе алмай әлек. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы белгілеген баға тек форвардтық несие алған шаруаларға қатысты. Ал нарықтағы баға мүлдем бөлек. Сондықтан шаруалар тағы Үкіметтен көмек сұрауға мәжбүр.
Артём Любимов, шаруа:
-Бізге екінші деңгейлі банктермен сөйлесіп, несие мерзімдерін ұзартуға көмектессе екен дейміз. Бағаның тұрақталғанын күтіп, алған өнімді жақсы бағада өткізгіміз келеді.
Елдегі егіннің шығымдылығы экспортқа да айтарылықтай әсер етеді. Жалпы биыл 12 млн тонна астықты экспорттау жоспарланып отыр.
Ерсайын Досымбетов, ҚР АШМ Егіншілік департаментінің басқарма басшысы:
-Бүгінгі күні 5 млн тонна астық экспортталды. Соның 1,3 млн тоннасы Қытай Халық Республикасына, Өзбекстанға 2 млн тонна астық экспортталды. Біздің негізгі арналардың бірі орта Азия мемлекеттеріне экспортқа шығару мүмкіндіктері болып табылады. Осы жылы және өткен жылы Қытай нарығына экспортты ұлғайту жүргізілуде.
Қазір ауа райы байланысты Солтүстік аймақтақтарда егін орағы тоқтап тұр. Ақмолалық шаруалар өткен аптадан бері жұмысқа кірісе алмай отыр. Әзірге аграрлы аймақтағы астықтың 98% жиналып, 6 миллион тоннадан астам бидай қамбаға құйылды.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко