Хабар телеарнасы

Алматы облысында 28 ауылға газ құбыры тартылды

Биыл Алматы облысында 28 ауылға газ берілді. Аймақта 300-ге жуық елді мекен болса, бүгінде соның тең жартысы көгілдір отынмен қамтылған. Келесі жылы Кеген мен Райымбек ауданына газ құбырын тарту жұмыстары басталады.

Балқаш ауданы бойынша 6 елді мекенге табиғи газ құбыры тартылды. Соның нәтижесінде 400-ге жуық абонемент отын жарып, күл шығару тауқыметінен арылды. Қазір Бақанас, Бақбақты, Миялы, Бірлік, Ақжар және Бояулы ауылдарында үйді-үйге газ құбырын тарту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жергілікті тұрғындар көгілдір отын келгелі шалғай ауылдағы тұрмыс-тіршіліктің біршама жеңілдегенін тілге тиек етті.

Балқаш ауданындағы әр үй қыста 5-6 тонна көмір жағатын. Оның тоннасын 27 мың теңгеден сатып алып келді. Сайын даласында сексеуілі мен тораңғысы, жыңғылы мен жидесі көп болғанымен, жас ағашты кесуге рұқсат жоқ. Сол себепті көмірмен қоса пешке тамызық қылатын отынның бағасы да шарықтап өсіп кеткен еді. Балқаш ауданындағы табиғи газ құбыры тартылған 6 елді мекен бойынша тағы 300-ге жуық тұрғын үйлерін көгілдір отынмен қамтамасыз етуге өтініш берген.

Ернар Кенжебек, газ тасымалдаушы компания өкілі:

-Бақанас ауылы бойынша 370 үй қабылданды. Ал жаңағы Миялы ауылы бойынша 22 үй қабылданды. Бақбақты ауылы бойынша 37 үй қабылданды. Бақанас ауылында счетчикқа дейінгі газопровод тартылмаған. Тартылмағандықтан, бұл жерде газ кіргізу құны 180 мың. Бақбақты ауылында газ счетчикке дейін тартылған. Ол жерде 140 мың. Ол монтажный жұмысы бойынша.

Балқаш ауданындағы қалған 14 ауылды көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр. «Шелек-Кеген-Нарынқол» магистралды газ құбырын тарту жобасы бойынша да шешім қабылданды. Оның құрылысы 2025 жылы басталып, мемлекеттік сараптама қорытындысына сәйкес 3 жылда толық аяқталуы тиіс.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов