Қызылордалық құтқарушылар биыл 323 адамның өмірін сақтап қалды
Қызылорда өңірінің құтқарушылары жыл басынан бері 323 адамның өмірін сақтауға жәрдемші болды. Өртте қалған, суға тұншыққан, жол-көлік апатына ұшыраған жандарға шұғыл көмек көрсету – нағыз білікті мамандардың ісі.
Бұл бейнежазба былтыр маусым айында түсірілген. Қызылорда қаласының орталығындағы жеке үйлердің бірінен өрт шығады. Оны сол маңнан өтіп бара жатқан №7 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Мұхтар Қуантаев байқап қалған. Оқиға орнына құтқарушылар жетемін дегенше ол 60 жастағы әйелді қызыл жалынның ішінен алып шығады.
Мұхтар Қуантаев, №7 өртсөндіру бөлімінің өртсөндіруші-құтқарушысы
-Өзімнің міндетімді орындадым деп ойлаймын. Басқа ешқандай қорқыныш, ондай сезім болған жоқ. Адамдарға септігім, көмегім тисе, сол маған бір бақыт.
Ауған соғысының ардагері Самғат Бүркітбаев та 22 жылдан бері құтқарушылар сапында. Еліміздің әр аймағында болған төтенше жағдайлар кезінде өміріне төнген қауіп-қатерден тайсалмады. Кеудесіндегі «Ерлігі үшін» медалі соның дәлелі.
Самғат Бүркітбаев, облыстық ТЖД жедел құтқару жасағының бастығы:
-Награданың жақсы-жаманы болмайды ғой. Бірақ соның ішінде адамның есінде қалатыны – құтқарған адамның берген алғысы, сол жерде тұрған үлкен кісілердің берген батасы. Біз үшін сол үлкен мәртебе.
Биыл көктемде еліміздің бірнеше аймағына су тасқынынан төнген қауіптің бетін қайтаруға 100-ден астам қызылордалық құтқарушы жұмылдырылды. Олар 82 күн бойы мал-жанды құтқару, бөгет тұрғызу секілді жауапты тапсырмаларды орындады.
Бейбітхан Спанов, облыстық ТЖД бөлім бастығы:
-Біздің құтқарушыларымыз берілген тапсырманы уақытылы, сапалы әрі жылдам орындады. Соның әсерінен болу керек деп ойлаймын, бізді тек Ақтөбе облысының су тасқынын ғана жоймай, әрі қарай Қостанай, Орал, Атырау облыстарына қарай бізді жолдап отырды.
Төтенше жағдай кезінде адам күшімен қатар, құрал-сайманның да сақадай-сай болуы маңызды. Соңғы үш жылда өңір құтқарушыларының материалдық-техникалық базасы жаңартылған.
Жасұлан Түйменов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
-14 өрт сөндіру автокөліктері сатып алынды. Сонымен қатар қазіргі таңда Арал ауданы, Сексеуіл кентінде біз жаңадан өрт сөндіру бекетінің құрылысын салу жұмыстарын жүргізудеміз. Сол жағалау мөлтек ауданынан да біз өрт сөндіру бөлімін ашу жоспарлап жатырмыз.
Айта кетейік, биыл сала мамандары 1873 рет авариялық құтқару жұмыстарын жүргізген. Олар 323 адамның өмірін сақтауға сеп болып, 201 азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
Авторлары:Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев