Қазақстандағы ең ұзын көпір ашылды
Алтай өлкесіндегі Алтын көпір. Шығыс Қазақстан облысында Бұқтырма суқоймасының үстінен салынған көпір ашылып, аймақ жұртшылығының игілігіне берілді. 2019 жылы суқойманы жағалай отырған 4 ауданның халқы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, бұйымтайын айтқан соң, Президент көпір салуға тапсырма берген.
60 жыл армандаған алтын көпір. Бұқтырма суқоймасының үстінен салынған өткелді Шығыс жұртшылығы ұзақ күтті. 62 жылдан бері паром арқылы қатынап келген ел 2019 жылы Президентке хат жазды. Араға 5 жыл салып, елдегі ең ұзын көпір халықтың игілігіне беріліп отыр.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Жаңа көпір Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында салынды. Аймақта тұрғындар 50 жыл бойы жазда не пароммен, қыста тікелей не мұз үстімен жүргенін білесіздер. Құрылыстың салынуын жергілікті тұрғындар ұзақ күтті.
Бақытхан Өлмесеков, Күршім ауданының тұрғыны, еңбек ардагері:
- Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін қуанудамыз. Біз ғана емес, Зайсан да қуанып жатыр, Марқакөл де қуанып жатыр. Өте үлкен, шат-шадыман күйде отырмыз қазір.
4 аудан, 195 ауыл, жиыны 120 мың халықтың қуанышы бұл.
60 жыл бойы Зайсан, Күршім, Үлкен Нарын, Алтай аудандарының тұрғындары облыс орталығына Бұқтырманы жағалай айналма жолмен жүріп келді. Бұл 700 шақырымға жуық. Енді Бұқтырмадағы көпір арқылы Өскеменге дейінгі аралық – 220 шақырым.
Берік Дүйсенбай, тілші:
- Бұқтырма көпірі – осы атыраптағы ағайын үшін тарихи құрылыс. Себебі ел болып 50 күтті. Техникалық тұрғыдан алған кезде де тарихи деп айдарлауға болады. Себебі ұзындығы 1 км 316 м болатын бұл нысан әзірге Орталық Азиядағы ең ұзын көпір.
Тарихи оқиға, алтын көпір. Бұл – Бұқтырманы жағалай жайлаған елдің бағасы.
Бақытхан Өлмесеков, Күршім ауданының құрметті азаматы:
- Жастарымыз үйленгенде Талдықорғаннан, Алматыдан қыз алып мәшінмен әкеле жатқанда паромға симай қап, қызсыз, күйеусіз, той өткізген кездеріміз болды.
Гүлнар Қожахметова, Күршім ауданының тұрғыны:
- Бірнеше аудан, Самар, Балшынарым, Зайсан, Марқакөл аудандарының халықтары осы көпірге үлкен ризашылықтарын білдіріп жатыр. Біздің Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы осы көпірді салуға ықпал етті бізге. Бізге осындай үлкен сыйлық жасады.
Көпір ашылды, халық 60 жыл тартқан бейнеттен құтылды. Енді азық-түлік пен тауар бағасы төмендеп, жүк тасымалы артады. 500 шақырым жолдың үнемделуі туризмге серпін береді деп топшылануда.
Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков, Бахытбек Нұртай