Хабар телеарнасы

«Қалбатау-Майқапшағай» тас жолы биыл пайдалануға беріледі

Абай облысына қарасты «Қалбатау-Майқапшағай» тас жолы биыл пайдалануға беріледі. Бұл соңғы 10 жылда халықты әбден мезі қылып, шаршатқан жол. Құрылысқа бөлінген ақша қолды болып, жұмыс аяқсыз қалған еді. Енді былтырдан бері жолды Қытай компаниясы салып жатыр.

Тілек Екпін Семей мен Зайсанның арасында жиі қатынайды. Жұмыс бабымен іссапарға жиі шығатын ол бұған дейін көліктің сайманын ай сайын ауыстыратынбыз, - дейді. Себебі ойдым-ойдым, шұрқ тесік жол жеңіл көлікті тоздырып жіберген. Жүргізуші жаңа жолдың қолданысқа берілуін асыға күтіп жүр. 

Тілек Екпін, Зайсан ауданының тұрғыны:

- Осы Зайсан, Көкпекті, Қалбатау жолдарымен жиі жүремін. Бұрын енді жол жаман болатын. Екі-үш айда бір машинамыздың сайманын, дөңгелектерін ауыстырып отыратынбыз.

Назигүл Тұяқбаева, Қаратөбе ауылының тұрғыны:

- Айналма жолмен жүрдік, талай жыл осы жолдың азабын шектік енді. Талай машиналар да жолда сынып жатқан кездер болды. Міне, қазіргі таңда біраз уақытта осы жолдың тез қарқында жөнделіп жатқаны өте қуанышты. 

Қалбатау-Майқапшағай тас жолын жөндеуге бюджеттен 107 млрд 502 млн теңге қарастырылған. Қазір жұмысты Қытай компаниясы жүргізіп жатыр. Жұмыс сапасын «Жол активтері ұлттық орталығының» мамандары үнемі қадағалап, тексеріп отырады.

Сюе Чаю, жоба жетекшісі:

- Қазір жолдағы жұмыс қызу жүріп жатыр. Жол жиектері тазаланып, тегістелуде. Бұған қоса, су тасқынының алдын алатын құбырлар орнатылып, көпірлер салынып жатыр. Бүгінде жалпы жұмыстың 40%-і орындалды.

Араға 7 жыл салып, жол құрылысы қайта қарқын алды. Қалбатау-Майқапшағай бағытындағы тас жолын жөндеуге 400-ден астам техника мен 700 астам маман жұмылдырылған. Алғашында жол құрылысы отандық компанияға тапсырылды. Алайда жауапсыз мердігер бастаған ісін аяқсыз қалдырған.

Ұлан Байтөлепов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының өкілі:   

- Үш компания бірге лидер концорциум болып түскен. Қазақ тарапынан екі компания өз жұмысын аяқтамағандықтан, қазіргі мына бас мердігер СиньСинь жұмысты толығымен аяқтауға міндетті. Сол себепті қытай компаниясы жұмыс жасап жатыр.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған бұл жол ешқашан толық жөндеуден өтпеген. 2017 жылы қолға алынып аяқсыз қалды. Жауапсыз мердігер кезікті, сонымен жұмыс тоқтады. Бүгінде қайта жанданған құрылыс аяқталуға жақын. Мердігер ұйым өкілдері жыл соңына дейін жолдың 184 шақырымын пайдалануға береміз деп жоспарлап отыр.

Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов