Хабар телеарнасы

Қазақ жерінде еңбек еткендер Алманиядан сағыныш сәлемін жолдап жатыр

Қазақстанның әр жетістігіне зор қуанышпен қараймын. Өткен ғасырдың 30-40-шы жылдары зұлмат саясат салдарынан Қазақстанға жер аударылған немістердің біразы тамырын жайып елде қалса, енді бірі атамекені Алманияға қоныс аударған. Кәрі құрлыққа көшіп кетсе де, олардың елімізге деген ыстық ықыласы еш басылған емес.

Бұл – Владимир Видлер. Қазақстанға бір жасқа толар-толмас шағында 1941 жылы туысқандарымен қоныс аударған. Қарағанды маңындағы Қарағаш ауылында ұзақ жылдар бойы комбайн мен жеңіл көліктің рөлінде болған. Сауатын қазақша ашып, қазақ тілінде білім алған ол көрші-қолаң, дос-жаранмен түгел қазақша сөйлескенін сағынышпен еске алды.

Владимир Видлер, Ораниенбург тұрғыны:

- Қия бетті, жарып өтті, Тракторшы қарындас.... Сондай өлеңдер болған бұрында. Айтатынбыз. Тойға бірге барамыз.

Талай жыл қазақ жерінде еңбек етіп, өсіп өнген Володя ағайдың әпкелері қазаққа келін болып түскен екен.

2002 жылы ата қонысы Алманияға көшсе де, ара-тұра туған жерге, туысқандарына барып тұруды әдетке айналдырыпты. Тек 80-ге жақындаған шағында жұбайы дүние салып, денсаулығы сыр беріп, алыс сапарларға шыға алмай қалған. Содан бері сағынышы да үдей түсіпті.

Владимир Видлер, Ораниенбург тұрғыны:

- Әйелім барда Қазақстанға әрбір үш жыл барып жүрдік. Екі-үш айға. Туысқандар көп қой. Қаншама ана тәтелерімнің балалары бәрі Қазақстанда тұрады.

Үш қызын қияға қондырған Владимир аға Германияда тұрса да, Қазақстанның даму жолын жіті бақылап, әр жетістігіне қуанып отыратынын жасырмады. Республика күніне орай тілегін айтып, жылы лебізін білдірді.

Владимир Видлер, Ораниенбург тұрғыны:

- Қазақстан еліне көп рақмет! Қазақстан жасай берсін! Қазақстан елі аман болсын! Бәріне амандық тілейміз. Жақсылық тілейміз. Қазақстан осылай жақсарып келеді десе, біз соған қуанамыз. Өйткені біздің туыстардың бәрі сонда тұрады ғой. Соған қуанамыз. Жасай берсін, Қазақстан!

Германияда Владимир Видлер секілді қазақстандық немістер көп-ақ. Және олардың дені дәл осылай туған жерін сағынышпен еске алады. Бұл азаматтар екі ел арасындағы бірегей байланыстың иесі болып қала бермек.

Ердана Ержанұлы, Павел Рубан