Хабар телеарнасы

Республика күні биыл үшінші рет тойланып жатыр

34 жыл бұрын 25 қазан күні біздің негізгі құндылықтарымыз бен елдің даму бағыты жазылған «Мемлекеттік егемендік туралы» Декларация жарияланды. 13 жылдық үзілістен соң қайта мереке болып жарияланған Республика күні биыл үшінші рет тойланып жатыр. Бұл күн – ата-бабамыздың арманы жүзеге асып, елімізге еркіндік сыйлаған Ұлы күн. 

Осыдан екі жыл бұрын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Республика күні ұлттық мереке санатына қайта енгізілді. 2001-2009 жылдары 25 қазан Республика күні ретінде белгіленіп келді. Бірақ одан кейінгі жылдары бұл күн күнтізбеден алынып, жадымыздан да ұмытыла бастаған. Араға бір мүшел салып ұлттық мереке мәртебесін алды. Тарих куәгерлері бұл күн әу баста да оңай келмегенін айтады.

Оралбай Әбдікәрімов, Мемлекет және қоғам қайраткері:

-Ол кезде мен 12-шақырылымдағы Жоғары Кеңестің депутаты болғанмын. Ол кезде 360 депутат болды. Сол депуттардың ішінде қарсы шыққан депутаттар да болды. Бұл декларация Тәуелсіздікке бастаған бірінші қадам еді.1 жылдан кейін біздің Тәуелсіздікті жарияладық.

Сонау 1990 жылы қабылданған «Мемлекеттік егемендік туралы» Декларация саяси тұрғыда қоғамды дүр сілкіндірген жаңалық болды. Мұның өзі әр қазақтың жүрегіне «Енді біз өз бетінше тәуелсіз ел боламыз» деген жылымық сезім ұялатты.

Бірғаным Әйтімова, Мемлекет және қоғам қайраткері:

- Біздер декларация қабылдағанда жерден жеті қоян тапқандай, шынында сондай эмоция болды. Бүкіл залдағы атмосфера күйіп-жанып тұрды. Полигондар салынбайды және ешқандай сынақтар жүргізілмейді деп декларацияда жарияланды. Халықаралық деңгейде бірінші рет Қазақстан өзінің құқын алды.

Декларацияда елдің территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті мен демократиялық зайырлы бағдары және мемлекеттік рәміздері бекітілді. Декларациялық құжат арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет – қазіргі Қазақстанның негізі қаланды.

Дархан Мыңбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Қабылданған кездегі қандай қызу тартыс болғанын және қандай заңдық қағидаттар болады, соның барлығын елге дұрыстап айтса, біздің тарихымызды зерттеуге, қайта оралып қарауға, көп құжаттарды көтеруге ғалымдар үшін де, зерттеушілер үшін де өте маңызды үлкен бір сала.

Бабалар сан ғасыр аңсаған азаттықтың бүгінгі тірегі - елдегі тұрақтылық пен татулық. Отанымызда тұрып жатқан көптеген ұлт пен ұлыс өкілдері де өз тағдырларын Қазақ елінің болашағымен байланыстырады.

Бұған дейін көпшілік Тәуелсіздік күнін 16 желтоқсанда атап өтуді құптай қоймайтын. Тіпті 1986 жылғы қан төгілген бұл кезеңді мерекелік тойлау емес, жалпыұлттық қаралы күн ретінде көргісі келетіндер де табылған.

Қырымбек Көшербаев, Мемлекет және қоғам қайраткері:

-Бұл – тарихи сәт, мұны ұмытуға болмайды. Біз қазір демократиялық романтизм кезеңінен өттік, енді демократиялық реализм кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Билік пен халық арасындағы тығыз байланыстың арқасында көптеген көкейтесті проблемаларды шешеміз деп ойлаймын.

 

Дәл осы қуаныш, дәл осы күй бүгінге жалғасты. Бұрын елдік мәселелер Алматыдағы Жоғары Кеңесте қаралса, бүгінде маңызды басқосулар Сарыарқа төріндегі мына Тәуелсіздік және келісім сарайында өтеді. Тарихқа үңілсек, 1988 жылы Алашорда ақталды, 1989 жылы Тіл туралы заң қабылданды. 1990 жылы ел егемендігінің декларациясы қабылданды. Бұл – мың өліп, мың тірілген қазақтың азаттыққа қол жеткізген күні. Тарихымызды ұмытпайық, ұлық мерекені ұлықтайық!

Авторлары: Құралай Жұмахан, Қанат Әбілдин