Хабар телеарнасы

Құрсақ нарығы: Қазақстанда суррогат аналардың құны қанша?

Елімізде әрбір алтыншы отбасы перзентке зар. Арнайы сауалнама нәтижесі бойынша ажырасқандардың 20 пайызы «бедеулік себеп», - деп көрсетіпті. Дегенмен ерлі-зайыптылар суррогат ана қызметіне жүгіне алады. Қазақстанда бұл қызмет заңдастырылғалы 20 мың­нан астам бала жат құрсақта дүниеге келген. Қазір құрсақтың құны қанша? Мұндай қызметті ұсынып жүрген кімдер? Қазақ қыздары шетелде суррогат ана болуға неге құмар?

Жатырын жалға беретіндер мен суррогатты ана болатындарға үрке қараудың қажеті жоқ,- дейді мамандар. Себебі олар басқа отбасыға ата-ана бақытын сыйлап жүрген жандар. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, елімізде 28 мыңнан астам әйелге бедеулік диагнозы қойылған. Енді олар қаржысын төлеп, өздерінің ұрпақтарын құшағына баса алады.

Меруерт Айтқалиева, суррогат ана:

- Жасым  29-да. Екі баланың анасымын. Жолдасым бар. Отбасылымын. Сурагатты ана болу үшін біз отбасымызбен шешім қабылдадық. Өткені беретін суммасы 8 миллион теңгеден жоғары. Ай сайын беретін 300 мың, алғашқы жарнаға, баспана мәселесі болып, біз келістік.

Елімізде суррогат ана қызметін ұсыну заңмен 20 жыл бұрын қатаң реттелген. Бұрын балалы болмағандар мен денсаулығы жарамайтын қыз-келіншектер құрсағын жалға бере алмайды. Тіпті олардың физикалық, психикалық және репродуктивті денсаулығы қатаң қадағаланады. Ал денсаулығы жарамды қыздардың басын біріктіріп, елімізде осындай қызмет түрінен ұсынатын 10-нан астам ұйым бар.

Ақерке Мақұлова, суррогат аналар орталығының қызметкері:

- Менің жұмыс істеп жатқаныма 10 жылдай болды. Агенттіктің нарықта жүргеніне -15 жыл. Бізге әртүрлі мемлекеттерден биологиялық ата - аналар келеді. Ресейден, Қытайдан, Қырғызстаннан, Грузиядан, Кореядан, Америкадан. Мысалы, жақында биологиялық ата-аналар ұлды болып, қуанып, өздерінің елдеріне қайтты.

Диана Қадыр, тілші:

- Елімізде алғаш рет суррогатты ана болып отырғандар босанған соң 5 миллион теңге алса, ал екінші рет қызмет көрсеткендерге 7 миллионнан жоғары ақша беріледі. Жалпы жұмсалатын шығын шамамен 7-11 милллион теңге, - дейді мамандар. Бұл көрсеткішті басқа елдермен салыстырсақ, жұмсалатын қаржы тым төмен.

Мәселен, Украинада суррогатты анаға жұмсалатын шығын 45 мың доллардан бастап 55 мың долларға дейін барады. Ал Данияда 50-60 мың доллар. Ал Канадада 85 мың доллар болса, Ақш-та 145 мың доллар екен.

Ақерке Мақұлова, суррогат аналар орталығының қызметкері:

- Қазақстанның қыздары суррогат ана болуы үшін шетелге кетіп жатыр. Гонорар Қазақстанда өте төмен. Мәселен, Грузияда 17 мың доллар болса, ал Қазақстанда 6-ақ миллион теңге. Албанияда 19 мың доллардан басталады.

Демек елдегі суррогат аналарға шетелдік азаматтардан қызығушылық жоғары. Біздің қыз-келіншектер шекара асып, шетелде құрсағын жалға беруге асығады екен. Дегенмен сәби дүниеге келсе, биологиялық ата-анасының азаматтығын бірден алады. Ал  дәрігерлер суррогатты ананың қабілеті балаға берілмейтінін айтады.