Хабар телеарнасы

Жетісу облысында сынған әйнектерден шыны талшықтары шығарылады

Жетісу облысында сынған әйнектерден шыны талшықтары шығарылады. Кәсіпкер қоқысқа тасталған өнімді қайта өңдеу арқылы табыс тауып қана қоймай, экологияны жақсартуға өз үлесін қосып жатыр. 10 жыл бұрын ашылған кәсіпорынның жұмысын жандандыруға мемлекеттің қаржылай қолдауы ықпал еткен. 

Әйнектер ұсақталып, жуылған соң 1300 градуста қыздырылады. Балқыған шыны сүзгіден өткізіліп, арнайы қоспа қосылады. Отқа салсаң жанбайтын, шірімейтін, үзілмейтін жіп жасалады.

Данил Ким, кәсіпорын директоры:

-Біздің өнім құрылыс саласында көп қолданылады. Бетон, кірпіш құйғанда арасына қосады. Тор тоқып, арматура әзірленеді. Тоқ өткізбейтін қасиетіне қарай энергетиктер де алады. Экологиялық таза өнімге Алматы, Шымкент, Тараздағы өндіріс орындары мен Ресейліктер тапсырыс береді.

Кәсіпорында 7 адам жұмыс істейді. Олар күніне 300 келі жіп шығарады. Оны турайтын және өзге де құрылғылар «Кәсіпкерлікті дамыту» жобасымен берілген 5 млн теңгелік грантқа сатып алынған. «Өндірісін өркендетем деушілер үшін биыл республикалық бюджеттен 7 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді»,– дейді сала мамандары.

Асхат Кәрібаев, Жетісу облыстық кәсіпкерлік және индустриалды инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:

-9 айдың қорытындысы бойынша 369 жоба қаржылық қолдау көрсетілді. Оның ішінде 249 жоба субсидияланды, 118 жоба кепілдік берілді. Сонымен қатар жетіспейтін инфроқұрылымды жеткізу бойынша екі жоба 50,2 млн теңгеге қаржылық қолдау алды.

Жетісу облысында шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 60 мыңнан асқан. Олардың көбі ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету және өнім өңдеу саласында жұмыс істейді. Мамандар аталған бизнес субъектілерінің өңірлік өнімдегі үлесі 33% жетті деп отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев