Астанада қырықтан астам жаңа саябақ ашылады
Астанада бірнеше жыл бос жатқан кеңістікте саябақ ашылды. Ол қала орталығындағы бәріне мәлім «Керуен» ойын-сауық кешенінің жанындағы жер. Жаңа алаң қалалық орман тұжырымдамасын бейнелеп тұр. Қазір бірнеше түп ағаш егіліп, көктемде бұл жерді жасыл желекке айналдыру көзделді.
Елорданы абаттандыру жұмыстары қарқын алды. Биылдың өзінде 140-тан астам аула жөндеуден өтті. Ал пайдаланылмай, бос жатқан жерлерде тұрғындардың серуендеп, демалуы үшін арнайы бірнеше саябақ жасалды.
Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:
- Осы аптада ашылған Керуен сауда орталығы қасындағы саябақ көп жылдар бойы сол аудан тұрғындары бұл мәселені көтерген. Енді былтыр Президент нақты осы алаң бойынша тапсырма берілген. Ол жұмыс биыл аяқталып, толығымен іске беріліп жатыр. Мысалы Есіл ауданын алсақ, биыл Мәңгілік ел бойынша көшені абаттандыру жұмыстары өтті.
Әкім айтып тұрған жаңа саябақ, бұрын сол жағалаудың көркін қашырып, шынымен де тұрғындардың наразылығын тудырған мына жер учаскесі болатын. Бірнеше жыл қоршауға алынып, құрлысы тұралап қалған еді.
Қазір бұл жер гүлзарға айналды. Бүгінде мұнда бірнеше ағаш егілген. Қала әкімінің айтуынша, саябақты әлі де жандандыру үшін көктемде мыңнан астам көпжылдық бұта отырғызу жоспарланып отыр.
- Әдемі, орынды, осылай жасау керек әрмен қарай. Балаларға да, үлкен адамдарға да өте жайлы. Мына жақта демалатын жер, мына жерде мінекей қандай көрініс, жақсы.
- Бұрын бұл жер қоршауда тұрған. Аяқ басар жер жоқ, лай болып жататын. Ал қазір қаланың орталығы деп нық айта аламыз. Саябақ өте әдемі, маған ұнады.
Әрине, қаланы абаттандыру мәселесі тек саябақпен шектелмейді. Биыл әрбір шағын ауданда тұрғындар үшін, оның ішінде ерекше қолдауды қажет ететін азаматтарға кедергісіз орта құру жоспарда бар. Дәлірек айтсақ, жаяу жүргіншілер үшін арнайы жолдар салынады. Сондай-ақ шаһар шетіндегі «Жағалау» шағын ауданы, Агроқалашық елді мекені мен «Пригородный» тұрғын алабының аулалары да назардан тыс қалмады. Сонымен қатар теміржол вокзалы маңына да ерекше көңіл бөлінбек.
Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:
- Осындай жұмыстар аз болмайды. Оның ішінде Мұхамедханова көшесі бар. биыл мысалы Сығанақ көшесіндегі асфальтты жөндедік. Енді келесі жылы да көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз.
Елдің Бас қаласы елорданы абаттандыру жұмыстарын қаржыландыру көлемі де артып келеді. Қаланың көркіне жауапты мекеменің бюджеті келер жылы 15 миллиард теңгемен толықпақ. Сәйкесінше 2025-ші жылдың соңына дейін жөндеуді қажет ететін алаңдарға қаржы бөлініп, 40-тан астам жаңа саябақ ашу көзделген.
Авторлар: Альмира Оразбай Қанат Махмудов.