Жасөспірімдер арасында қылмыс белең алып тұр
Балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың белең алып тұрғаны соңғы жылдары жиі айтылып, мәселе көтеріліп жүр. Дегенмен құзырлы орындардың мәлімдеуінше, жастар арасындағы криминогендік ахуал керісінше түзеліп келеді.
Еске сала кетсек, қыркүйек айында Үкіметте өткен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында жасөспірімдер арасындағы қылмыс соңғы 5 жылда 30 пайызға азайған, бірақ статистика түзелді деген сөз – жағдай жақсарды дегенді білдіре бермейді. Бір қылмыс жасалса да, оның тағдыр тұрғысынан ауыр салдары бар.
Иә, жасөспірімдердің заңнан аттап шалыс басуы соңғы 5 жылда азайыпты. Биылдың өзінде 5 пайызға төмендеген,- деп сандарды сапыру құзырлы орындардың шаруасы. Бірак қоғамдастықтың пікірі басқа. Өткен айда депутаттар дабыл қағып, балалар күніне 5 қылмыстан жасап жатқанын айтқан еді.
Жыл басынан бергі 9 айда кәмелет жасына толмағандардың қатысуымен 512 ұрлық жасалған. 121 – тонау, 94 – бұзақылық фактісі тіркелген. Жас жеткіншектермен 66 алаяқтық әрекет жасалса, адам денсаулығына зиян келтірілген 60 оқиға тіркелген.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Жалпы жастар мәселесі түрлі министрліктердің құзыретіне бөлініп кеткен. Салаға жауапты Жастар комитетінің өңірлерде тікелей құрылымдары жоқ. Бес облыста ғана арнайы Жастар саясаты басқармасы бар. Қалған облыстарда қысқарып кеткен. Мәселен, 2 млн халқының 40% жастар құрайтын Түркістан облысында 600 мыңнан астам жаспен 3 қызметкер ғана айналысады.
Бұл жасөспірімдер тарапынан болатын келеңсіздіктердің бір себебі ғана. Мәселеге тікелей жауапты полицияның пайымынша, негізгі себептердің төркіні мынау.
Ержан Жақсылықов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- Қылмыстардың болу себебі – бұл ата-аналар тарапынан бақылаудың болмауы, тәрбиенің төмендігі және балалардың бос уақытының дұрыс ұйымдастырылмауы.
Ерсұлтан:
- Ұрлық жасадым. Үйден ұрладым қанша ақшаны, болмағандықтан. Сырттан ұрладым. Телефон ұрладым. Басқа заттар, бағалы заттар ұрлап, ломбардқа өткіздім, саттым. Соңында сотталдым.
Бұл жеткіншекті «қатыгез», - деп әсте айта алмаймыз. Заңнан аттауға лудомания дерті итермелеп отыр. Жалпы билығы жылдың криминогендік ахуалы осындай сипатта.
Ержан Жақсылықов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- Қылмыстардың жартысынан көбі – бұл меншікке қарсы қылмыстар. Бұл ұрлық, алаяқтық, тонау және т.б қылмыстар.
Баланың ісі шала. Перзентінің істеген қателігін біздің қоғамда ата-анасы мойнымен көтереді. Жаңағы ұрлық-қарлық пен өзге де теріс әдеттер баланың бос жүруімен байланысты. Сондықтан жағдайды түзеу үшін осы бағытта жауапкершілік бар.
Кәмелетке толмағандар ата-анасының немесе жақын туыстарынсыз түнгі уақытта көшеде жүргені, ойын-сауық мекемелеріне барғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық Кодекстің 442-бабында 11 мың теңгеден аса сомада жауапкершілік қарастырылған. Және биыл 95 мың ата-анаға осындай айыппұл салынып, 4300 бала мен 6200 ата-ана есепке алынған.
Марал Ибрагим, Астана қаласы әкімдігі Психологиялық қолдау орталығы басшысының орынбасары:
- Біз ата-аналармен жұмыс істейміз. Сонда ата-аналармен сөйлескен кезде мысалы, балалармен құндылықтар туралы сөйлесіздер ме? Қандай құндылықтарды айтасыздар, қандай құндылықтарды сіз балаларыңызға сіңіресіздер деген кезде көп ата-ана бұл жерде жауап бере алмай қалады. Өйткені бұл жерде ата-ананың да өзінің білімі жетіспей тұр, өзінің өрісі жетіспей тұрады.
Марал Болатханқызы: «Жасөспірімдерден көрі ата-аналармен жұмыс істеу қиын», - дейді. Айтуынша көбі өтпелі кезеңде кез келген баланың басында болатын психологиялық жай-күйді талқылауға құлықсыз, керісінше перзентіне шаң жуытпай, кикілжіңге барады.
Марал Ибрагим, Астана қаласы әкімдігі Психологиялық қолдау орталығы басшысының орынбасары:
- Бала бірдеңе істеп қойса, ата-анасы оны жуып-шайып жатады. Мысалы, оған жауапкершілікеті үйретпейді. Сол кезде балада іште менікі дұрыс деген сезім пайда болады.
Мәжіліс депутаттары болса, жасөспірімдер жыныстық сипаттағы зорлыққа да баратынын меңзеп, қылмыстық жауапкершілік жасын өзгертуді ұсынған болатын.
Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қылмыскерлер жасының толмауына байланысты жазасыз қалып отыр. Мүмкін Ұлыбритания тәжірибесіне сәйкес, қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жастың шегін қайта қарау керек шығар. Мәселен, онда жыныстық зорлық жасағаны үшін 14 емес, 12 жастан жауапқа тартылады.
Үкімет бұл мәселеге қатысты жауап қатып, жазалаудан көрі алдын алу шараларына иек артқанды жөн санайтынын жеткізген. 2029 жылға дейін бағдарланған мектепке дейінгі, орта білім және кәсіби-техникалық білім беретін мекемелерде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы, 2023-25 жылдарға арналған суицид, буллинг т.б келеңсіздіктердің алдын алуға бағытталған кешенді жоспар аясындағы жұмыстар күшейтілетінін алға тартты. Сондай-ақ өңірлерде психологиялық орталықтар ашылды. Ішкі істер органдары да профилактика жұмыстарын күшейткен.
Ержан Жақсылықов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- Қазіргі уақытта учаскелік полиция инспекторларды, сонымен қатар кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторларды және жедел уәкілдерді әр мектептерге бекіттік. Олар мектептерге апта сайын барып, олармен қылмыстық және әкімшілік нормаларын түсіндіреді. Сонымен қатар оқушыларға теріс әсер ететін оқушыларды анықтайты да, олармен жеке профилактикалық жұмыс жүргізеді.
Жауапкершілікті күшейту, алдын алу шаралары – қажет қадамдар. Бірақ жасөспірімдер қылмысының негізгі төркіні – әлеуметтік ахуал. Психологтар пайымынша, қарынның тоқтығы мен уайымның жоқтығы қамтылмайынша, тәрбие жұмыстары тиімді бола бермейді.
Берік Дүйсенбай, Қайрат Ақтөреев