Хабар телеарнасы

Қазақстанда аудандық маңызы бар қала, кент, ауылдық округтердің бюджеті ұлғаяды

Қазақстанда аудандық маңыздағы қала, кент және ауылдық округтердің дербес бюджеті ұлғайтылмақ. Президенттің тапсырмасына сай, енді қазынаға түсетін қаржыны көбейту үшін қосымша кіріс көздері берілмек. Сөйтіп 2018 жылдан бері іске асып жатқан тәжірибе жетілдіріледі. Бұдан ауыл-аймақ қандай мүмкіндікке ие болады?

Мұхтарима Төлегенова өзінің туып-өскен ауылы Қызылсуаттың тыныс-тіршілігін жақсы біледі. Өткен кезеңіде көз алдында. Ал құрметті зейнет жасына жеткен соң елді мекенді дамыту жолындағы маңызды істерге де ат салысып келеді.

Мұхтарима Төлегенова, Қызылсуат ауылының тұрғыны:

- Бұған дейін біздің елімізде су болмайтын. Қорадағы қазба құдықтан су ішетінбіз. Жолымыз нашар болатын, светіміз көшеде болмайтын. Мектебіміз ескі ғимаратта болған. Енді міне 2020 жылдан бері жол тартылып жатыр. Су тартылып жатыр, газдың жұмысы жүріп жатыр. Мектебіміз жаңа ғимаратта ашылды.

Қызылсуат осыдан 4 жыл бұрын құрамына 3 елді мекен еніп, ауылдық округ болып құрылған. Алғашқыда бюджеті бір миллион теңге болса, бүгінде 130 миллион теңгеге дейін жетіпті. Нәтижесінде, бірнеше жол жөнделіп, көшелерге бейнекамералар қойылды. Биылдың өзінде, ауылдағы аялдамаларды жаңалау және түнгі шамдар орнату жұмысы жүрді. Алда атқарылуы тиіс жоспар да жасалған.

Оразбай Сәлменов, Қызылсуат ауылдық округінің әкімі

-Қазір су мен газ өткеннен кейін көше-көшемен жасылдандыру, желектендіру сондай жұмыстарды атқарғымыз келеді. Халықтың сұранысы, балалар ойын алаңдары, спорт алаңдары, даже жабық спорт алаңы болса деп сондай ұсыныстар бар. Соның бәрін істегіміз келеді.

Бүгінгі күні елімізде дербес бюджеті бар аудандық маңыздағы 2345 қала, кент және ауылдық округ бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша олардың қазынасына шамамен 320 млрд теңге түскен. Қаржы негізінен көлік, мүлік, жеке табыс және өзге де салықтар мен айыппұлдардан құралған. Ал жұмсау абаттандыру, ойын алаңдарын салу және жол жөндеу мен су жүргізу секілді істерге бағытталды. Енді Президент тапсырмасына сәйкес, округтердің дербес бюджетін ұлғайту көзделіп отыр.

Миржан Иманбаев, ҚР ҰЭМ департаменті директорының орынбасары:

-Үкімет жаңа бюджет кодексі аясында және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту заңнамасы бойынша тағы да кіріс көздерін беруді жоспарлап отыр. Оның ішінде ең үлкен кіріс көздерінің бірі заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер төлейтін мүлік салықтың бір бөлігі және де кең таралған пайдалы қазбалар бойынша төлемдер. Кәсіпкерлер төлейтін лицензиялық төлемдер. Осы салық түрлерін бергеннен кейін біздің жоспарымыз бойынша жеке кіріс табыс көздері 4 есеге ұлғаюы керек.

Мамандар ауыл бюджеті бәрібір ауқымды істер атқаруға аздық ететінін айтады. Себебі қазынадан жұмсалуы тиіс 17 бағыт белгіленгенімен, бүгінде тек 5-6-ына ғана жұмсалып отыр. Сондықтан оған түсімді көбейтіп жоғары деңгейдегі бюджеттерге тәуелділікті азайту шаралары қолға алынады.

Бауыржан Мұқан, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарушы директоры:

-Жиналған ақшаны мәслихат арқылы ауылдық округ мен осы шығындарды осыған жұмсаймын деп мынадай-мынадай статьяларын көрсетіп, рұқсатын алып алады. Болды. Одан кейін ішінара бір бағыттан, екінші бағытқа ауыстыру, сондай-сондай процесінде әрине ауылдық округте жеңілдік пайда болады. Сәйкесінше жарыққа байланысты ауданға қарап «мен жарыққа жұмсайын деп едім, мына жерде құдықтан су шығарайын деп едім», - деп ауданға деген сондай бір жалтақтығы болмайды. Демек, біз процесті жеделдетеміз.

Бүгінде бұл мәселе жан-жақты талқыланып жатыр. Негізгі шешім жаңа бюджет кодексі аясында қабылданады. Онда аудандық маңыздағы қала, кент және ауылдық округтердің қазынасына қосымша қаржы түсіретін тетіктер қаралмақ.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Дархан Күнтуов