Хабар телеарнасы

Мәжіліс депутаты немересін жекеменшік балабақшаға беруге қорқады

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин немересін жекеменшік балабақшаға беруге қорқады. Қазіргі балабақшалар мен дамыту орталықтарына халық қалаулысының көңілі толмайды екен. Еділ Терекбайұлы «Білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері» туралы заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге мәжілісмендердің алдына келген оқу-ағарту министріне ұсыныс тастады. Бір қызығы, оған басқа депутаттар келіспеді.

Оқу-ағарту министрі баяндағандай құжаттың бір парасы мектепке дейінгі, орта, кәсіптік орта және қосымша білім беру салаларындағы құқықтық олқылықтарды жоюға бағытталған. Айталық, мектепке дейінгі және қосымша білім беруге хабарлама жүйесі енгізілсе, орта және кәсіптік білім беру мекемелері лицензияланады. Мәжілісмен Еділ Жаңбыршин бала құқығын қорғауды балабақшадан бастау керек, сол үшін балабақша мен мектепке дейінгі дамыту орталықтарын тездетіп лицензиялау қажет деді.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Қазір кім көрінген балабақшаны ашып алды. Агроном да ашып алды. Құрылысшы да ашып алды. Біліп отырсыздар ма? Психология, педагогикадан хабары жоқ адамдар сабақ береді, тәрбие береді. Бизнесті қорғаймыз деп баланың қауіпсіздігін ысырып қоюға болмайды. Баланың тәрбиесі мен денсаулығы бизнес емес. Баласы таяқ жейді. Дұрыс тамақтанбайды. Балабақшадан ауырып келеді. Мен ондай жерге немеремді беруге қорқам. Сондықтан лицензиялау мәселесін тездетіп кіргізуіміз керек.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Лицензия алу деген сөз – ол бақылауды күшейту деген сөз емес, лицензия деген сөз айналып келгенде жемқорлыққа, бюрократияға алып келуі мүмкін және де ол сатылады, істеген азаматтар біледі. Оны сатып та алады. Балабақшаны ашу деген сөз, ол миллиондап, миллиардтап ақша табу дегенді білдірмейді. Олар өз күндерін әрең көріп отыр. Ол ертең жұмысшы алады. Тәрбиеші алады. Оларға жалақы төлейді. Ауылдық жерде әрі беріден айналып келгенде ол ақтамайды. Сондықтан да министрдің ұстанымы дұрыс, бұған бүкіл Қазақстандағы балабақшаларға талдау жасалынуы керек.

Мәселе былай ғой. Лицензиялауға Үкімет асықпайды. Себебі елде онсыз да тапшы балабақшаның біразы жеке кәсіпкерлер есебінен қамтылуда. Ертең лицензиялау кіретін болса, кәсіпкерлер салаға жоламайды.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі: 

-Лицензиялау мәселесін бүгін-ертең емес, 26-27 жылдары келгеніміз дұрыс болар. Бұған үлкен дайындықтар керек. Кәсіпкерлердің дайындығы керек.

Балалар қауіпсіздігі мен білімінің сапасына миллиардтаған ақша бөлінеді. Бірақ тиімділік қайда? Мархабат Жайымбетовтан ұсыныс. Қызылорда тәжірибесі назар аударуға тұрарлық дейді.

Мархабат Жайымбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Цифрлық даму министрлігінің өзі қарсы екен. Мына face ID деген бір ғана әдіс енгізген. Келген балаларды жекеменшік мектептерге, болмаса жекеменшік балабақшаларға, болмаса арт спортқа келген балаларды face ID арқылы тексерудің мәселесі. Бақылаудың бір әдісі. Соның арқасында ғана бір аймақ 18 млрд тг үнемдеп отыр.

Ал Айтуар Қошмамбетов Алматы облысында былтыр 3 кезеңмен өткен тексеру барысында салаға бағытталған 9 млрд теңгенің діттеген жерге жетпегенін айтты және оған бір есептен депутаттар біздің де кінәміз бар, ақшаны бөлдіріп аламыз да, артынан оның орынды игерілуін қадағаламаймыз деді. Заң жобасына қатысты қызу пікірталастардың негізінде барлық ұсыныс тілектер мен уәждер екінші оқылымға келгенде ескерілсін деп Мәжіліс төрағасы да өз бұйымтайын айтты.

Авторлары: Берік Дүйсенбай, Таир Мерекенов