Хабар телеарнасы

Сенат сот жүйесін реформалайтын заңды мақұлдады

Азаматтық және қылмыстық істер бойынша кассациялық сатыда істерді алдын ала қарау алынып тасталады. Енді азаматтар сот актілерін қайта қарау туралы арыз емес, кассациялық шағым түсіретін болады.

Сенаттың жалпы отырысында сот жүйесін реформалау туралы заң мақұлданды. Құжат азаматтарды сот арқылы қорғау сапасын арттыруға бағытталған. Қылмыстық, Азаматтық және Әкімшілік кодекстерге түзету енгізілді. Сенат Төрағасы заң сот процестерінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге септігін тигізетінін айтты.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Бұл түзетулер Мемлекет басшысының тапсырмасымен келесі жылы құрылатын үш дербес кассациялық соттардың қызметімен байланысты. Судьялардың тәртібі мен жауапкершілігін күшейтуге арналған ережелер де бар. Бұл тузетулер сот процестерінің ашықтығын әділдігін және жеделдігін  қамтамасыз етуге септігін тигізетеді деп сенеміз.