Хабар телеарнасы

Өскемендіктер инфрақұрылым игілігін көре алмай отыр

Өскеменде 25-ші ықшамауданының тұрғындары отыз жылдан бері қарапайым инфрақұрылым игілігін көре алмай отыр. Электр жарығы, орталықтандырылған ауызсу, жол мәселесіне қатысты жұрт талай рет шағымданып, жергілікті биліктен көмек сұраған екен. Алайда әлі күнге дейін мәселе шешілер емес. Сала мамандары бірнеше жыл бұрын су құбырын тартып, электр бағандарын қойып, жұмысты бастаған сыңайлы болғанмен, аяқсыз қалдырған.

25-ықшамауданының халқы облыс орталығында тұрамыз, - деп айтуға арланады. Өйткені шалғай ауылдарға жетіп қойған коммуналдық қызмет түрлері бұл жерде атымен жоқ. Александр Кожеховтың  мұнда тұрып жатқанына 15 жыл болып қалды. Әкімдіктен қайыр болмаған соң, өз бетінше жел генераторын орнатып, электр энергиясын табиғаттан өндірмекші болыпты.

Қырсыққанда жел екпіні жеткізілсіз болып, құрылғысы кәдеге аспады. Ақыры амалы таусылған зейнеткер талай жылдан бері бензинмен жұмыс істейтін қозғалтқыш қолданып жүр. Оның өзін аптасына екі-үш рет қана қосады.

Александр Кожехов, қала тұрғыны:

- Күнде қосуға шамам жетпейді, жанармайдың жұты ғой. Көп дегенде аптасына 3 рет қолданамын, өйткені теледидар көріп, ақпарат тыңдағың келеді. Қала әкімінен күдер үздік біз. Ендігі үміт облыс әкімдігінде. Осы жағдайымызды назарға алып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасап беруге көмектессе деген тілегіміз бар.

Шығанаудандағы жол мәселесі де шешілер емес. Жауын-шашында мибатпаққа айналып, қаламен қатынас тіпті қиындайды.

Әу баста мұндай уәдеге сенген талай тұрғын бұл жерден амалдап үй салып ап, енді кіре алмай жүр. Ал Есімхан Шыңқожиннің жер участегін алғанына 12 жыл болыпты. Құрылысын бастай алмай әлек.

Есімхан Шыңқожин, қала тұрғыны:

- 12-ші жылы алғам жерді, содан бері қарай неше жыл налогын төлеп келе жатырмын, биыл тағы ұзартып қойдым 3 жылға.

Бұл жаққа орталық ауызсу желісін тарту жұмысы осыдан 3 жыл бұрын басталыпты. Алайда шаруа су сорғы станциясын салуға келген кезде кілт тоқтаған. Өйткені ол құрылысты жүргізу үшін электр энергиясы керек. Мердігер компания электр желісін тарта алмай, жұмыс тоқтап қалған. Ақыры іс сотқа дейін жетті. Бірақ соттасумен шаруа бітпесін білген тараптар бейбіт келісімге келді.

Әлішер бекен, қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:
- Егер соттасып, өзара келісімнің күшін жояр болсақ, қайта конкурс өткізуге мәжбүр боламыз. Сөйтіп құрылыс-монтаж жұмыстары  әлі екі жылға
созылып кетуі ықтимал.

Болат Сыптаев, мердігер компания өкілі:

- Желіні іске қосу үшін біз қосалқы станциялар қоюымыз керек. қазір 3 шағын құрылғыға тапсырыс бердік. жыл соңына дейін тағы 10 қосалқы станция орнатамыз. Жалпы бұл аумаққа 40 данасы керек.

Мердігер жыл соңына дейін электр желісін тартуға уәде берді. Әзірге аудан жұртының біразы генератормен, ал қалғаны жекеменшік трансформатрға қосылып, амалдауға тура келеді.