Астанада VII Халықаралық энергия үнемдеу форумы өтеді
Елімізде тұрғын үйлер энергия үнемдеу тетіктерін енгізуге көшуі мүмкін. Бүгін Астанада өткен 7-ші халықаралық энрегия үнемдеу форумында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі осындай ниеті барын мәлімдеді. Жиынға энергетика саласының халықаралық сарапшылары да қатысты. Айта кету керек, энергия үнемдеу саясаты елімізде қолға алынып іске асып келеді.
Бүгінге дейін өнеркәсіп саласындағы көптеген кәсіпорын үнемдеу технологиясын енгізу арқылы 15-тен 30 пайызға дейін қуат үнемдеуге қол жеткізген. Келесі кезекте қуат көзін үнемдеуге тұрғын үй-коммуналдық саласы сұранып тұр. Мәселен, тұрғын үйлер орта есеппен 1 жылда 1 шаршы метрге 270 кВт сағат электр энергиясын тұтынады екен. Халықаралық норма – 110-150. Оның шешімін қарапайым тілмен айтсақ – диодты шамдар.
Форумда айтылғандай, елімізде қуат көзін үнемдейтін шамдардың өндірісі жолға қойылды. Қажетті көлем бар. Енді керегі – тұрғындардың белсенділігі.
Елдос Абақанов, «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
– Азаматтарға қатысты айтатын болсақ... Елімізде көптеген ғимараттар салынып жатыр. Бұл ғимараттардың энерго тиімділігіне қатысты талаптарды сол үйді сатып алушы, тұтынушылар құрылыс команияларына талап қоюы керек. Өйткені мысалы, Финляндияны алайық, басқа мемлекеттерді алайық. Ол жақта тарифтер жоғары болғандықтан, үйді қабылдап алғанда тұтынушылар, олар өздері айтады, С, А, Б немесе А деңгейлі ғимарат болуы керек. Энерготиімділік деңгейі сондай жоғары болуы керек.