Шымкентте балалар кітапханасының алды құрылыс алаңына айналды
Салдарынан 18 мыңнан астам оқырманы бар руханият ордасына кіріп-шығу қиындап кеткен. Көпқабатты үй иелері де іргелес жерден кәсіпкерлік нысанының тұрғызылуына қарсы.
Алдабек Манделдин көшесінің бойында кітапхана алдындағы құрылыс жұмыстарына қала халқы қарсы. Іргелес үйдің тұрғындары ара-қашықтық сақталмағандықтан, өрт қауіпсіздік талаптары бұзылды. Және инженерлік-инфрақұрылымға зақым келетін болды,- деп алаңдаулы.
Ұлболсын Құлжанова, қала тұрғыны:
- Не салып жатыр, кім салып жатыр, ешнәрсе білмейміз. Алдымен жерді алу үшін тұрғындардан рұқсат керек. Үй деген көрінбей қалады. Жарық сәулесі түспейді. Үй астының бәрі шылқылдаған су болады жертөлесі. Өйткені күн түспеген соң асты құрғамайды.
Ал тұрғын үйдің бірінші қабатында отбасылық үлгідегі орталық кітапхана орналасқан. Тарихы терең рухани орда 70 мыңнан астам кітап қорымен байытылған. Мұндағы әдіскерлер оқырман қауіпсіздігі де ескерілмегенін айтады.
Әсем Қабылова, қалалық балалар кітапханасының әдіскері:
- Пандусты жауып тастаған. Балалы ата-аналар келсе, коляскамен өте алмай жатыр. Одан кейін біздің кітапхананың алды мүлдем жабылып қалды. Кітапхана бар екендігі белгісіз болып қалды.
Жергілікті жұрттың арызынан кейін құрылыс жұмыстары тоқтатылды. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының өкілдері қазба жұмыстарының заңсыз жүргізілгенін анықтап, жерді қалпына келтіруге нұсқау берген. Алайда 7 жыл бұрын осы 3,5 соттық учаскенің жекенің меншігіне берілгені белгілі болды. Қазір қаулының заңдылығына қатысты тексеріс жүргізіліп жатыр.
Жасұлан Мамырбеков, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының бөлім басшысы:
- Жерді рұқсат құжаттарынсыз қазылғаны бойынша басқармамен тиісті әкімшілік шара көріліп, берілген жер телімінің заңдылығын тексеру бойынша біздің басқарма тарапынан арнайы хат дайындалды. Қазіргі таңда жер ресурстарын басқару департаментіне хат жолданды.
Сала мамандарының айтуынша, жердің мемлекетке қайтарылуы немесе меншік иесінде қалуы алдағы уақытта белгілі болады. Ал оған дейін тұрғындардың талаптары тыңдалып, тағайындалған шешімдер тексеріледі.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов