Қостанай облысында жұмысшылар 10 ай бойы жалақы алмаған
Қостанай облысындағы «Заречное» ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының екі жүздей жұмысшысы он айдан бері еңбек ақыларын ала алмай жүр. Кезіндегі іргелі кәсіпорынның қазір жағдайы мүшкіл. Белшеден қарызға батқан. Бұл шаруашылық ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының қарауында болғандықтан, жергілікті билік шарасыз.
Қостанайдың іргесіндегі «Заречное» тәжірибе станциясы астық өндірісімен танылды. Жер-жерден мамандар осында келіп, тәжірибе алмасатын. Ал қазіргі жағдайы мүлдем басқаша. Әбден әлсіреп, қожыраған шаруашылық он айдан бері жұмысшыларына көк тиын төлемеген.
Ләззат Бисенова, «Заречное» ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС бұрынғы жұмысшысы:
-Дояркалар үйлерінің светі, газы бәрі сөндірілген. Ақша жоқ. Мұздай үйде отыр. Директордан ақша сұрап жатырмыз. Ол бізге жоқ дейді. Пенсионнный үш жыл төленген жоқ. Медицинский жоқ вообще.
Қазіргі кезде Заречное тәжірибелі станциясында 200-дей жұмысшы бар. Олар негізінен егіншілік, мал шаруашылығымен айналысады. Басым бөлігі орта жастан асқан.
Зинагүл Ағыбаева, «Заречное» ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС аға ғылыми қызметкері:
-Жаным ашиды осы. Қаншама жыл істеп келе жатырмыз. Бір-екі жыл емес. Жастар қазір шыдамайды, кетіп қалады. Өйткені жалақы жоқ, ештеңесі жоқ. Сосын кетеді. Біз енді предпенсионный болғасын, қалып отырмыз істеп отырмыз. Қайда барамыз?
Заречное тәжірибелі станциясы осыдан он жыл бұрын ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының қарамағына өткен еді. Одан жағдай оңалып кеткен жоқ. Қайта қарыз үстіне қарыз жамады. Қазіргі кезде тек еңбекақы үшін берешегі 230 миллион теңге шамасында.
Қайрат Әбішев, Қостанай ауданы әкімінің орынбасары:
-Бұл жерде жаңа НАНОЦ-тың басшылығымен келісімге келдік. Осы 25 қараша айына дейін 100-120 миллион тенге қаражатты мынау жиналған егіндікті сатып, майлы дақылдарды сатып, жалақыларын жабатын болды.
Аудандық әкімдік өкілінің айтуынша, Ұлттық аграрлық орталық басшылығымен жыл аяғына дейін жалақы қарызын толық жабу жөнінде келіссөз жүріп жатыр. Ал Еңбек инспекциясы мұнда кезекті тексерісін бастады.
Ерлан Темірхан, еңбек инспекциясы департаментінің басшысы:
-Кәсіпорын 2021 жылдан бері жоғарғы тәуекелмен жұмыс істеп жатыр. Мұнда еңбекақыны кешіктіру қалыпты үрдіске айналған. Жылда кәсіпорын басшысын жауапкершілікке тартып, айыппұл саламыз. Биыл да үш арыз келіп түсті. Оның біреуі ұжымдық. Сол бойынша тексеріс жүргізіп, тиісті шара қолданамыз.
Заречное тәжірибе станциясының басшысы Рүстем Молдатаевпен тілдесудің сәті түспеді. Қан қысымы көтеріліп, кеңседен шығып кетті.
Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг