Хабар телеарнасы

«Келешек» жүйесі қалай жұмыс істейді?

Алдағы уақытта балаларға ақша жинаудың тағы бір тетігі пайда болады. Ол «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесі деп аталады. Бүгін Мәжілісте оның қызметін реттеу мәселелері қаралды. Жобаның мақсаты - баланың жоғары білім, колледж немесе аспирантурадағы оқу ақысын төлеу үшін капитал жинау. Есеп шотты бала бес жасқа толған кезден бастап ашуға болады. Оған қатысу әр ата-ананың өз еркі. 

«Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесі. Аты айтып тұрғандай, ол баланың келешегіне ерте қамдануға арналған. Ата-ана 5 жасқа толған баласының атына есеп шот ашса, бюджеттен бір реттік қаржы аударылады. 

Оның көлемі 60 айлық есептік көрсеткіш. Қазіргі есеппен 220 мың теңге. Кейін осы алғашқы капиталдың үстінен әркім өз шамасы келгенше ақша салып отырғаны жөн. Жыл сайын мемлекет оның үстінен сыйақы төлейді.

Құдайберген Бексұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Әр жылы осы жинақтарға барлық балаларға 5%, әлеуметтік осал топтағы балаларға 7% мөлшерінде мемлекет сыйлық ақы қосады. Жинақты пайдалану мүмкіндігі. Қаражатты шетелде оқуға, білім алуға жұмсауға да болады. Сондай-ақ грант ұтып алған жағдайда баспана сатып алуға басқада жағдайларға жұмсауға болады.

Тағы бір тәсіл, қаржыны бауырына аудара алады. Егер грантпен оқып дипломын қолына алса, ақша күйіп кетпейді. Оны жеке мақсатта қолдану үшін толықтай шешіп алуына рұқсат ететін норма да қарастырылған.

Талғат Ешенқұлов, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:

-Біз моделдеп көрдік. Ай сайын 1 АЕК жинайтын кезде ол 18-ге толғанда 3,6 млн теңге қаражат жинайды екен. Екі айлық есептік көрсеткішпен жинағанда 8 млн-ға жуық. Бес айлық есептік көрсеткішпен ай сайын жинағанда 10 асатын қаражат жиналады екен.

Сонымен бірге жобаға сақтандыру компаниялары да қатысады. Егерде бала асыраушысынан айырылса немесе ата-аналары еңбекке жарамсыз болып қалса, бала 18-ге толғанша ата-анасының орнына сол компаниялар шотты толтырып отырады. Айта кететін тағы бір дерек, «Келешек» бағдарламасына 5 жастан асқан балалар қатыса алмайды. Сондай-ақ мамандар жаңа жинақтау жүйесін білім алуды қаржыландырудың негізгі көзі ретінде қабылдамау керек деп санайды. Бұл тек грантқа ілікпей қалғандар үшін қосымша құрал. Ол шамамен келесі жылы іске қосылуы мүмкін.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин